Бір жарым жылда үш бапкер: Қазақстан құрамасында кім үздік нәтиже көрсетті
Қазақстан футбол федерациясы Джон ван ’т Схиппен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады. Нидерландтық маман 2025 жылдың басынан бері ұлттық құраманы тізгіндеген үшінші бапкер атанды. Осы аралықта команда бірнеше рет жаттықтырушысын ауыстырғанымен, тұрақты нәтижеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл кезеңде Қазақстан құрамасын алғаш болып Әли Әлиев басқарды. Отандық маман 2025 жылдың қаңтарында Станислав Черчесовтің орнына тағайындалған еді. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама жеті кездесу өткізіп, екеуінде жеңіске жетсе, бес ойында қарсыластарына есе жіберді. Соғылған және жіберілген голдар айырмасы – 6:15.
Әлиев тұсындағы екі жеңіс Кюрасао мен Лихтенштейнге қарсы кездесулерде тіркелді. Екі ойын да 2:0 есебімен аяқталды. Алайда 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қазақстандық футболшылар бес матчтың біреуінде ғана басым түсті. Бапкер үшін соңғы кездесу Бельгиядан 0:6 есебімен жеңілген ойын болды. Осы сәтсіздіктен кейін Әлиев қызметінен кететінін мәлімдеді.

2025 жылдың қыркүйек айының соңында ұлттық құраманың тізгіні Талғат Байсуфиновке тапсырылды. Алғашында бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде жұмысқа кіріскен ол кейін осы қызметке ресми түрде бекітілді.
Байсуфиновтің ұлттық құрамаға үшінші мәрте оралуы соңғы үш бапкердің арасындағы ең нәтижелі кезеңге айналды. Оның басшылығымен қазақстандықтар сегіз матчтың үшеуінде жеңіске жетіп, тағы үшеуін тең аяқтады. Қалған екі кездесуде жеңіліс тіркелді. Доп айырмасы – 11:7.
Осы уақытта Қазақстан Лихтенштейнді 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, Солтүстік Македония (1:1) мен Бельгияға (1:1) қарсы кездесулерде ұпай еншіледі. Ал 2026 жылы Намибияны 2:0, Комор аралдарын 1:0 есебімен ұтты. Бұдан кейін Армениямен 1:1 есебімен тең түсіп, Мажарстанға 1:3 есебімен жол берді.

Маусым айында Байсуфинов өз еркімен қызметінен кетті. Оның орнына тамызда Джон ван ’т Схип келді. Нидерландтық жаттықтырушының алдына Қазақстанды Ұлттар лигасының В дивизионына қайта шығару міндеті қойылды.
Алайда бұл мақсат орындалмады. Ван ’т Схиптің жетекшілігімен өткен алты кездесуде ұлттық құрама бірде-бір жеңіске жете алған жоқ. Үш матч тең аяқталып, тағы үшеуінде қазақстандықтар қарсыластарына есе жіберді. Команда сегіз гол соғып, өз қақпасына он бір доп жіберді.
Нидерландтық маманның басшылығындағы соңғы ойын 16 қарашада Астанада өтті. Словакияға қарсы кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Нәтижесінде Қазақстан үш ұпаймен С3 тобында төртінші орынға тұрақтады. Осыдан кейін федерация ван ’т Схиппен ынтымақтастықты жалғастырмау жөнінде шешім қабылдады.

Осылайша, соңғы үш бапкердің тұсында Қазақстан ұлттық құрамасы барлығы 21 матч өткізді. Оның бесеуінде жеңіске жетіп, алтауында тең ойнаса, он кездесуде жеңіліс тапты. Жалпы доп айырмасы – 25:33.
Орта есеппен бір матчта жиналған ұпай саны бойынша Талғат Байсуфинов көш бастады. Оның көрсеткіші – 1,5 ұпай. Әли Әлиевтің еншісінде 0,86 ұпай болса, Джон ван ’т Схиптің нәтижесі 0,5 ұпаймен шектелді.
Тағы бір назар аударарлық жайт, осы кезеңдегі бес жеңістің екеуі ғана ресми турнирлерде тіркелген. Екі жағдайда да Қазақстан Лихтенштейннен басым түсті. Қалған үш жеңіс жолдастық кездесулерде тіркелді.
Енді Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамаға жаңа бас бапкер іздеуге кіріспек. ҚФФ бас хатшысы Скотт Маннның мәлімдеуінше, федерация командамен ұзақ мерзім жұмыс істеуге дайын маманды шақыруды көздеп отыр. Жаңа жаттықтырушының басты міндеті – Қазақстан құрамасын 2028 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындау.