locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Асу Алмабаев UFC-ге қайта оралады: Хоригучимен айқас алдындағы соңғы жекпе-жегі қалай өтті

Қазақстандық спортшы Чарльз Джонсонды қалай жеңіп, UFC ұйымынан 100 мың доллар сыйақы алды
ММА
Асу Алмабаев UFC-ге қайта оралады: Хоригучимен айқас алдындағы соңғы жекпе-жегі қалай өтті
ФОТО: Getty images

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC ұйымындағы кезекті маңызды айқасына дайындалып жатыр. 21 қараша, сенбі күні Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінде отандасымыз Bellator және Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы Кедзи Хоригучимен кездеседі. Алдағы жекпе-жек 32 жастағы қазақстандық спортшы үшін аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуге таласу жолындағы маңызды сынақ болмақ, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алмабаев соңғы рет октагонға 2026 жылдың 27 маусымында Бакуде өткен UFC Fight Night турнирінде шыққан еді. Сол жолы оған дивизионның үздік спортшылары қатарында жүрген тәжірибелі америкалық Чарльз Джонсон қарсылас атанды.

Жекпе-жектің алғашқы минуттарынан-ақ қазақстандық файтер күреске басымдық берді. Қарсыласын бірнеше мәрте партерге түсіріп, Джонсонның өзіне ыңғайлы қарқынмен жұдырықтасуына мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар Алмабаев тік тұрып айқасуда да сенімді қимылдап, соққыларын тейкдаун жасау әрекеттерімен ұштастыра білді.

Алғашқы екі раундта Асу айқын басымдық танытты. Үшінші кезеңде америкалық спортшы жекпе-жек барысын өзгертуге тырысып, партерде қауіпті жағдай туғызғанымен, отандасымыз қиын сәттен сәтті шығып, тізгінді қайта өз қолына алды.

Айқастың шешуші сәті үшінші раундтың 3 минут 33 секундында тіркелді. Алмабаев қарсыласының қателігін ұтымды пайдаланып, аяққа жасалатын сирек ауырту әдістерінің бірі - «Сулоевтің созуын» сәтті орындады. Джонсон берілуге мәжбүр болып, қазақстандық спортшы кештің ең әсерлі жеңістерінің біріне қол жеткізді.

Айта кетейік, UFC тарихында Алмабаевқа дейін дәл осы әдіспен небәрі үш спортшы жеңіске жеткен. Ұйым қазақстандықтың шеберлігін жоғары бағалап, оған 100 мың доллар көлемінде арнайы сыйақы табыстады.

Бакудегі жетістік Асу үшін 2025 жылдың наурызында Манэл Капеден жеңілгеннен кейінгі қатарынан үшінші жеңіс болды. Джонсонмен кездесуге дейін ол перулік Хосе Очоа мен америкалық Алекс Перезді де тізе бүктірген еді.

Маусымдағы айқастан кейін Алмабаевтың кәсіпқой мансабындағы көрсеткіші 24 жеңіс пен үш жеңіліске жетті. Ал UFC аясында қазақстандық спортшы жеті мәрте жеңіске жетіп, бір рет қарсыласына есе жіберген.

Енді отандасымызды аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі ең тәжірибелі файтерлердің бірі күтіп тұр. 36 жастағы Кедзи Хоригучи бұған дейін UFC чемпиондық белбеуіне таласып, кейін Bellator және Rizin ұйымдарында чемпион атанған. Жапониялық спортшы кәсіпқой мансабында 36 жеңіске жетіп, алты рет жеңіліс тапқан.

UFC ұйымы алдағы кездесудің дивизиондағы үздік үміткерлер арасындағы орындарды айқындауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Хоригучиді жеңген жағдайда Алмабаев рейтингтегі жағдайын жақсартып, чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігіне тағы бір қадам жақындай түседі.

Асу Алмабаев пен Кедзи Хоригучи арасындағы жекпе-жек 21 қарашада Дохадағы ABHA Arena кешенінде өтетін UFC Fight Night турнирінің негізгі кардында ұйымдастырылады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie