Роналдудың анасы Португалия құрамасының ойсырай жеңілгеніне қуанып, команданы сынады
Криштиану Роналдудың анасы Долорес Авейру Ұлттар лигасы аясындағы матчта Португалия құрамасының Даниядан ірі есеппен (1:4) жеңілгеніне эмоциясын білдірді. Ол ұлттық құраманың сәтсіздігіне қуанғанын мойындады, өйткені ұлына әділетсіздік жасалды деп санайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Авейрудың айтуынша, Криштиану ұлттық құрамадағы мансабының осылай аяқталғанын ауыр қабылдап жүр. Сондай-ақ ол футболшы ұлттық құрама мен бұрынғы әріптестерінен лайықты құрмет көрмеді деп есептейді.
«Криштиану көңілі түсіп жүр, ол бәрі басқаша болғанын қалады. Оны алдап кеткендіктен, бұл оған ауыр тиді. Менің де көңілім жабырқау. Содан кейін олар Брагада жеңілді. Солай болғаны жөн. Португалияның жеңілгеніне қуандым. Олар Криштиануды құрметтеген жоқ», - деді Долорес.
Футболшының анасы Португалия футбол федерациясы Даниямен матч алдында ұйымдастырған рәсім туралы да пікір білдірді. Ойыншылар алаңға Роналдудың жетінші нөмірі жазылған жейдемен шықты, ал жанкүйерлер бұрынғы капитанға алғыс жазылған баннер көтеріп, оның есімін ұрандатты.
Алайда шабуылшының өзі стадионда болған жоқ. Авейру мұндай қоштасу рәсімін дұрыс емес деп санады.
«Маған Брагадағы құрмет көрсету рәсімі ұнамады. Адамға құрметті ол қасында болғанда көрсету керек, ал ол жоқ кезде емес. «Спортинг» нағыз қоштасу рәсімін өткізеді», - деді ол.
Журналистер әйелден Роналду бұрынғы ұлттық құрамадағы әріптестерінің құрметін сезінді ме деп те сұрады. Оның жауабы кесімді болды.
«Жоқ, олардың ешқайсысынан да сезген жоқ. Мен солай ойлаймын. Оны құрметтеген жоқ. Тіпті командадағы әріптестері де», - деді Авейру.
Еске салайық, Португалия құрамасы Даниядан 1:4 есебімен жеңілді. Брагадағы матч Роналду 5 қарашада халықаралық мансабын аяқтайтынын жариялағаннан кейінгі команданың алғашқы ойыны болды.
Шабуылшы ұлттық құрама сапында 23 жыл ішінде 234 матч өткізіп, 146 гол соқты. Португалиямен бірге Еуропа чемпионатын жеңіп алып, Ұлттар лигасының екі дүркін чемпионы атанды.