Елена Рыбакинаның келесі турнирі қашан және қайда өтеді?
2026 жылғы ресми маусымды мерзімінен бұрын аяқтаған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жыл соңына дейін кортқа қайта оралуы мүмкін. Әлемнің бірінші ракеткасы 25-27 желтоқсан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін The Six көрме турниріне қатысатын спортшылар тізіміне енді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жарыс Инчхондағы Inspire Arena кешенінде ұйымдастырылып, әлемдік теннистің алты танымал өкілінің басын қосады. Рыбакинадан бөлек, турнирге беларусьтік Арина Соболенко, ресейлік Мирра Андреева, польшалық Ига Швентек, жапониялық Наоми Осака және италиялық Жасмин Паолини қатысады деп жоспарланған.
The Six ерлер арасындағы әйгілі Six Kings Slam көрме турнирінің әйелдерге арналған баламасы болмақ. Ұйымдастырушылар үш күнге созылатын жарысты жеңілген спортшы турнирден шығатын жүйе бойынша өткізуді көздеп отыр. Жалпы жүлде қоры 1,1 миллион долларды құрайды.
Алғашқы кездесулер 25 желтоқсанда өтеді. Төрт теннисші жартылай финалға берілетін екі жолдаманы сарапқа салады. Ал жоғары рейтингке ие Рыбакина мен Соболенко жарысты бірден жартылай финалдан бастайды. Бұл кезеңнің матчтары 26 желтоқсанға белгіленген. Турнир жеңімпазы келесі күні анықталады.
Осылайша, қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін 26 желтоқсанда өткізуі тиіс. Жеңіске жеткен жағдайда ол 27 желтоқсанда чемпиондық атақ үшін таласуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, The Six WTA ұйымының ресми күнтізбесіне кірмейді. Көрме сипатындағы бұл жарыстағы нәтижелер спортшылардың әлемдік рейтингтегі орындарына әсер етпейді.
Еске салайық, бұған дейін Рыбакина 2026 жылғы ресми маусымды мерзімінен бұрын аяқтайтынын хабарлаған еді. Қазақстандық теннисші Индиан-Уэллсте өтетін WTA қорытынды турнирінде өнер көрсетуі керек болатын. Алайда вирустық ауруға шалдығуына байланысты жарыс басталар алдында қатысудан бас тартуға мәжбүр болды.
Елена бұл додаға 2025 жылы жеңіп алған чемпиондық атағын қорғау мақсатында қатысуды жоспарлаған. Дегенмен денсаулығына байланысты кортқа шыға алмады. Оның орнына негізгі жарыс кестесіне украиналық Марта Костюк енгізілді.
Мәжбүрлі үзіліске қарамастан, Рыбакина әлемдік рейтингтегі көшбасшылығын сақтап қалды. 2026 жыл қазақстандық спортшының кәсіби мансабындағы ең табысты маусымға айналды. Ол Australian Open және US Open турнирлерінде топ жарып, Штутгарт пен Нинбода да чемпион атанды.
Жыл қорытындысы бойынша 27 жастағы теннисші алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысында қалды. Осылайша, Рыбакина маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтаған Қазақстан тарихындағы тұңғыш спортшы атанды.
Енді отандасымыздың жаңа ресми маусым басталғанға дейін жанкүйерлер алдында тағы бір мәрте өнер көрсетуіне мүмкіндік туып отыр. Дегенмен оның желтоқсандағы турнирге нақты қатысуы аурудан кейінгі дайындығы мен денсаулық жағдайына байланысты болмақ.