ҚХЛ турнир кестесі: қатарынан үшінші рет жеңілген «Барыс» нешінші орынға түсті
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуінде жеңіліс тапты. Михаил Кравец жаттықтыратын команда Қиыр Шығыстағы сапарын Хабаровскінің «Амур» клубына қарсы матчпен аяқтады. Қазақстандық ұжым қарсылас қақпасына шайба соға алмай, 0:2 есебімен ұтылды. Осы нәтижеден кейін «Барыс» Шығыс конференциясында бесінші орынға төмендеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
8 қарашада Хабаровскіде өткен кездесудің алғашқы кезеңінде есеп ашылған жоқ. Қонақтар қарсылас қақпасына жиі қауіп төндіргенімен, мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Екінші кезеңде де тартыс жалғасты. Алайда үзіліске аз уақыт қалғанда алаң иелері сан басымдығын сәтті пайдаланды. 38-минутта Олег Ли шайба соғып, «Амурды» алға шығарды.
Соңғы жиырма минутта астаналықтар есепті теңестіруге тырысты. Дегенмен хабаровскілік команданың қақпашысы Александр Трушков сенімді ойнап, қарсыластың барлық шабуылына тойтарыс берді.
Матчтың аяқталуына тоғыз секунд қалғанда Кирилл Ураков бос қалған қақпаға шайба бағыттап, қорытынды есепті белгіледі - 2:0. Трушков кездесу барысында «Барыстың» 36 соққысын қайтарды.
Осылайша, қазақстандық клуб қатарынан үшінші рет жеңіліске ұшырады. Бұған дейін Кравецтің шәкірттері Челябінің «Трактор» командасынан 1:2, ал Владивостоктың «Адмиралынан» 4:5 есебімен ұтылған еді.
«Барыс» ҚХЛ турнир кестесінде нешінші орында?
Хабаровскідегі жеңілістен кейін астаналық клуб Шығыс конференциясында төртінші орыннан бесінші сатыға сырғыды.
«Барыс» 24 кездесуден кейін 25 ұпай жинаған. Дәл осындай көрсеткіш «Амур», «Салават Юлаев», «Автомобилист» және «Адмирал» командаларында да бар. Аталған бес клуб қосымша көрсеткіштер бойынша төртінші мен сегізінші орындарды бөлісіп тұр.
Қазақстандық команданы жеңген «Амур» турнир кестесіндегі жағдайын едәуір жақсартты. Хабаровскілік ұжым сегізінші сатыдан төртінші орынға көтерілді. Оның еншісінде 23 матчтан кейін 25 ұпай бар. Демек, «Амур» астаналықтардан бір ойын кем өткізген.
Алтыншы орында тұрған Уфаның «Салават Юлаев» клубы да 24 кездесуде 25 ұпай жинады. Одан кейінгі орынға 23 матч өткізген Екатеринбургтің «Автомобилисті» жайғасқан. Үздік сегіздікті Владивостоктың «Адмиралы» түйіндеп тұр. Бұл команда да 23 ойыннан кейін 25 ұпай еншіледі. Осылайша, «Барыстың» бірнеше қарсыласында бір матчтан артық өткізу мүмкіндігі бар.
Шығыс конференциясының көшбасшысы - Магнитогорскінің «Металлург» клубы. Команда 25 кездесуде 38 ұпай жинап, астаналықтардан 13 балға озып тұр.
Екінші орында 25 матчтан кейін 29 ұпай иеленген Нижнекамскінің «Нефтехимигі» орналасқан. Ал 22 ойында 26 ұпай жинаған Омбының «Авангарды» үшінші сатыға көтерілген. Демек, «Барысты» үшінші орыннан небәрі бір ұпай бөліп тұр. Алайда турнир кестесіндегі жағдай аса тығыз. Бірден бес команданың еншісінде 25 ұпай болса, тоғызыншы және оныншы орындардағы «Трактор» мен «Ак Барстың» 24 ұпайы бар.
Сондықтан алдағы кездесулердің нәтижесі қазақстандық клубтың жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін. «Барыс» әзірге плей-офф аймағындағы орнын сақтағанымен, жақын қарсыластарынан айтарлықтай басымдыққа ие емес.

Ұзаққа созылған сырт алаңдағы кездесулерден кейін Михаил Кравецтің шәкірттері Астанаға оралып, өз жанкүйерлерінің алдында екі матч өткізеді. 12 қарашада «Барыс» Владивостоктың «Адмиралын» қабылдайды. «Барыс Аренада» өтетін кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:30-да басталады. Бұл ойын астаналықтар үшін 4:5 есебімен аяқталған алдыңғы жеңілістің есесін қайтаруға және үш матчқа созылған сәтсіз серияны тоқтатуға мүмкіндік болмақ. Ал 15 қарашада қазақстандық клуб Шығыс конференциясының көшбасшысы - Магнитогорскінің «Металлург» командасымен кездеседі. Матч Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады.