locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Үлкен өзгерістер керек»: жанкүйерлер Қазақстан құрамасын қатаң сынға алды

Қазақстанның Армениямен тең ойынынан кейін жанкүйерлер пікірі екіге бөлінді
«Үлкен өзгерістер керек»: жанкүйерлер Қазақстан құрамасын қатаң сынға алды
ФОТО: KFF

Қазақстан құрамасының Армениямен өткен жолдастық матчтағы тең нәтижесіне жанкүйерлердің реакциясы екіге бөлінді, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.

Еревандағы кездесуден кейін ұлттық команданың ойыны әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірі жастар мен дебютанттарды мақтаса, енді бірі команданың ойыны мен жекелеген футболшыларды сынға алды.

Sports24.kz Армения - Қазақстан матчынан кейінгі ең көп талқыланған пікірлерді жинады.

«Бүгін алаңға көп жас футболшы шықты. Олар үшін бұл өте жақсы тәжірибе болды. Күзде мүлде басқа Қазақстан құрамасын көреміз деп ойлаймын»

«Дебютанттар жақсы ойнады. Абраевты тіпті ертерек шығару керек еді - жігіттің ойынға қатты дайын болғаны көрініп тұр»

«Әмір, Самородов, Әліп, Әшірбек - матчта шынымен ұнаған футболшылар осылар болды»

Көптеген жанкүйер Жасұлан Әмірдің дебютін ерекше атап өтті. Ол ұлттық құрамадағы алғашқы матчында-ақ Максим Самородовтың голына нәтижелі пас берді.

«Әмірді ауыстырған кезде бапкер таңғалдырды. Жігіт ойынды енді қыздырып келе жатқан, үстіне ассист те жасап үлгерді»

«Дебютант үшін Әмір өте сенімді көрінді. Оның ұлттық құрамада болашағы бар екені байқалады»

«Самородов пен Әмір Қазақстанның шабуылын жандандырды»

Алайда кейбір жанкүйерлер команданың ойынына көңілі толмағанын ашық жазды.

«Матчтан кейін Қазақстан құрамасына үлкен өзгерістер керек деген ой қалды. Ойын жағынан Өзбекстан түгілі, Арменияға жету де қиын болып тұр. Құрамада шабуыл да, прессинг те, пас та жоқ. Қарапайым комбинация жасаудың өзі қиын. Кейбір мықты ойыншылардың жеке шеберлігі ғана байқалады. Неге біртіндеп құрамды жасартпасқа? Қорғаныс пен орталыққа жастарды көбірек қосу керек қой. Біз антифутбол ойнайтын команда емеспіз ғой. Жылдамдық мүлде жоқ. Жастар құрамасындағы таланттарды тартатын уақыт келді. Осындай қарқынмен әлем чемпионаты мен Еуроға тағы елу жыл өте алмаймыз. Дастанды неге шабуылдың ортасына қояды? Ол классикалық шабуылшы емес қой. Ол - еркін ойнайтын вингер мен шабуылға бейім жартылай қорғаушы».

«ҚПЛ деңгейі бірден байқалады. Мұндай футболмен қиын болады»

«Неге құрама тек қапталмен ойнайды? Орталықта креатив мүлде жоқ»

«Кейбір футболшылар ойыннан мүлде түсіп қалып жатты. Жастар әлдеқайда қызық көрінді»

Еске салайық, Армения мен Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық матч 1:1 есебімен аяқталды.

Қазақстан құрамасы сапында Максим Самородов гол соқты, ал нәтижелі пасты дебютант Жасұлан Амир өз еншісіне жазды.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie