Португалия Роналду ауыстырылғаннан кейін гол соғып, Чилиді жеңді
Португалия құрамасы әлем чемпионаты-2026 алдындағы дайындық аясында Чилимен жолдастық матч өткізіп, жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оэйраш қаласында өткен кездесу португалиялықтардың 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Алайда үзіліске аз уақыт қалғанда алаңда жанжал туындады. Қақтығыстан кейін бас төреші Португалия вингері Рафаэл Леау мен Чили қорғаушысы Иван Романға тікелей қызыл қағаз көрсетті. Осылайша екі команда да матчтың қалған бөлігін он ойыншымен жалғастырды.
Роналду шыққаннан кейін голдар соғылды
Есеп 58-минутта ашылды. Криштиану Роналдудың орнына шыққан Гонсалу Гедеш қақпашымен жеке шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді.
75-минутта Бруну Фернандеш айып алаңы сыртынан керемет соққы жасап, Португалияның басымдығын арттырды.
Чили құрамасы тек қосымша уақытта қарымта гол соға алды. 92-минутта Лукас Сепеда есеп айырмасын қысқартқанымен, камбэк жасауға уақыт жетпеді.
Жолдастық кездесу
Португалия - Чили - 2:1 (0:0)
Голдар: Гедеш, 58 (1:0), Бруну Фернандеш, 75 (2:0), Сепеда, 92 (2:1).
Алаңнан қуылды: Леау, 45+2 - Роман, 45+2.
Еске салайық, әлем чемпионаты-2026 турнирінде Португалия құрамасы K тобында ДР Конго, Өзбекстан және Колумбиямен ойнайды.
Португалия құрамасының ӘЧ-2026 турниріндегі матчтар кестесін мына жерден оқи аласыздар.