locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Көп себеп бар». Жоржиньо — «Қайраттың» сәтсіз матчтары туралы

Португалиялық легионер алматылық команданың ҚПЛ матчтарындағы сәтсіздігіне ықпал еткен мүмкін себептерін айтты
ФОТО: Қайрат ФК

«Қайраттың» шабуылшысы Жоржиньо Sports24.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында Алматыда өткен ҚПЛ-дың 13-турындағы «Атыраумен» (1:1) тең ойынға қатысты пікір білдіріп, сары-қаралардың жеңіссіз сериясының себебін түсіндірді.

«Бұл көңілсіз матч болды. Біз ойынның толық бақылауында болдық. Бәрі біз үшін оңай болып жатқандай еді, бірақ бүгін өзіміз ұпай жоғалттық. Матч басынан аяғына дейін біздің бақылауымызда өтті. Қарсылас қауіпті сәттер тудыра алған жоқ. Бізде олар көп болды. Бірақ біз алға жылжуымыз керек. Бұған тым көп көңіл бөлуге болмайды. Әрине, матч барысында өзгертуге тиіс дүниелер бар. Бірақ бар нәрсе осы», – деді Жоржиньо.

Жеңіссіз серия туралы

Sports24.kz тілшісі Жоржиньодан соңғы уақытта алматылық команда неге чемпионатта жеңіске жете алмай жүргенінің басты себебі туралы пікірін сұрады.

«Көп себеп бар. Өзгертуге тиіс нәрсе аз емес. Не деуге болады? Команда бір ғана себеппен жеңіске жете алмай қалған жоқ. Бұл – көптеген факторлардың жиынтығы. Әркім өзіне шынайы қарап, жағдайды жақсарту үшін не істей алатынын ойлауы керек. Мен әркімді айтып тұрмын. Қайталаймын: бір ғана нақты себеп жоқ. Себеп көп және біз жақсара түсуіміз қажет», – дейді сары-қаралардың ойыншысы.

ФОТО: ФК Қайрат

Өз нәтижелілігі туралы

Биылғы ҚПЛ маусымында Жоржиньо алматылық команданың үздік сұрмергені және чемпионаттағы үздік бомбардирлердің бірі (6 гол). Сондай-ақ оның қоржынында үш нәтижелі пас бар.

«Өткен жыл туралы білмеймін, бірақ статистиканы салыстырсақ, көрсеткіштерім аса өзгерген жоқ. Бірақ бұл ең бастысы емес. Ең маңыздысы – жеңіс. Кім гол соқты, кім нәтижелі пас берді – айырмашылығы жоқ. Мен футболды осылай қабылдаймын. Өйткені футбол – бұл командалық, жеке спорт емес. Тағы айтамын: біз жеңіске жеткіміз келеді. Мен күн сайын жеңіске жеткім келеді. Ал голды кім соққаны немесе пас бергені маңызды емес», – деп жауап берді Жоржиньо.

Еске сала кетейік, ҚПЛ-дың 13-турында Қазақстан чемпионы «Қайрат» өз алаңында «Атыраудан» басым түсе алмады – 1:1. Яакко Оксанен алғашқы минуттарда есеп ашқанымен, қонақтар екінші таймда қақпашы Темірлан Анарбековтың өрескел қателігінен кейін Абдулланың голымен жауап берді. Ойыннан кейін «Атырау» қақпашысы сырт алаңда «Қайраттан» ұпай алуға не себеп болғанын айтып берді.

«Қайрат» 14 матчтан кейін 27 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында тұр. Ал «Атырау» 13 ойыннан кейін 15 ұпаймен тоғызыншы орында.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie