«Атырау» қақпашысы сырт алаңда «Қайраттан» ұпай тартып алудың құпиясымен бөлісті
«Атырау» қақпашысы Егор Хаткевич Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Алматыда «Қайратқа» қарсы сырт алаңдағы тең ойынға (1:1) қатысты пікір білдірді.
«Ойын өте қарқынды өтті. Әрине, «Қайрат» бірінші нөмірмен ойнады. Біз көбірек қорғаныста болдық, бірақ қарымта шабуылдарға өте сәтті шыға алдық. Бірінші таймда 3-4 қауіпті соққы жасадық. Ал екінші таймда аздап өзгеріс енгізіп, 5-4-1 схемасына көштік. «Қайраттың» қысым көрсететінін, әсіресе орталық арқылы ойнайтынын алғашқы минуттардан-ақ түсіндік. Кейін олар қапталдарды күшейте бастады. Осыдан кейін бізде сәттер туындай бастады, өйткені олардың ортасында ойыншы азайып кетті. Біз қарымта шабуылға шығып, сәттер жасадық. Прессингтің арқасында гол соқтық. Алдағы уақытта да осылай жалғаса берсін», – деді Хаткевич.
Команданың сәтсіз жиындардан кейінгі түрленуі туралы
Қысқы маусым алдындағы жиындарда «Атырау» дерлік барлық бақылау матчтарында жеңіліп, бапкер ауысты. Владимир Чебурин келгелі батысқазақстандықтар КПЛ-2026-ның бірінші бөлігін сәтті өткізді: турнир кестесінің ортасында тұрса да, тек екі матчта ғана жеңіліп, маусымның басты фавориттері «Қайрат» пен «Ордабасыдан» ұпай тартып алды. «Мұнайшылар» мықты ұжымға айналды: 13 матчтың тек біреуінде ғана бірден көп гол жіберді – КПЛ-де «Атыраудан» (8) аз гол жіберген команда жоқ.
Sports24.kz тілшісі «Атырау» негізгі қақпашысынан осындай нәтижелердің күрт өзгеру себебін сұрады.
«Жиындарда көбіне дайындық, өзара байланысты нығайту жүреді. Сондықтан нәтиже онша болмады, өйткені жиындарға кеш шықтық. Одан кейін бапкер ауысып, бір аптадай жаттықтырушысыз дайындалдық. Кейін бапкер келіп, әр ойын сайын команда дамыды. Шабуылдаушы топты одан әрі күшейтуге тырысамыз».

«Қонақтағы» үй матчтары туралы
Стадион «Мұнайшыда» жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, «Атырау» осы маусымдағы КПЛ-дің үй матчтарын Түркістанда өткізіп жатыр. Команданың жаңартылған алаңына қашан оралатыны әзірге белгісіз.
Егор Хаткевич өз алаңында матч өткізудің қаншалықты әсер ететінін айтып өтті.
«Әрине, әсер етеді. Қолдау болса, тіпті керемет болар еді. Егер «Мұнайшыда» ойнасақ, стадион толар еді деп сенемін. Бірақ бүгін де қолдауды сездік. Қазақстанда жүргеніме төртінші жыл. Жыл сайын Алматыда «Қайратқа» қарсы ойнағанда, «Атырау» жанкүйерлерінің қолдауын естиміз. Мұнда Атыраудан келген студенттер көп, олар командаларын қолдауға келеді екен», – деп жауап берді «мұнайшылардың» беларусь легионері.
Еске сала кетейік, КПЛ-дің 13-турында Қазақстан чемпионы «Қайрат» өз алаңында «Атыраудан» үш ұпайды жұлып ала алмай, 1:1 есебімен тең түсті. Кездесудің басында Яакко Оксаненнің дәл соққысына қонақтар екінші таймда Темірлан Анарбековтің өрескел қателігінен кейін Абдулланың голымен жауап берді.