«Атырау» қақпашысы ҚПЛ-дегі төрешілік дауға қатысты пікір білдірді
«Атырау» қақпашысы Егор Хаткевич Sports24.kz сайтына эксклюзивті пікірінде Шымкентте өткен ҚПЛ-дың 4-турындағы «Ордабасыға» қарсы матч туралы, кейіннен ҚФФ ресми түрде төрешілердің шешімдерін қате деп таныған ойын жайлы ойымен бөлісті.
– Біз ол ойында жеңілген жоқпыз. Иә, 1:1 есебімен тең түстік, ал біз 2:0 есебімен ұта алар едік, бірақ бұл енді біздің шаруамыз емес. Біз бар күшімізді салдық. Біздің команда жауынгерлік рухымен танымал: алаңда бір-біріміз үшін күресеміз.
– Дегенмен, сол матчтан кейін өкініш болған шығар. Сол кезде алаңнан қандай сезіммен шықтыңыздар?
– Әрине, өкініш болды: екінші голымыз есепке алынбады, әрі 90-шы минуттардың бірінде пенальти белгіленді. Бірақ келесі матчқа шығып, «Қайсарды» 2:0 есебімен ұтып кеттік – яғни бұл бізге жағымды әсер мен күш берді.
– Сіздің ойыңызша, бұл жай ғана қателік пе, әлде Қазақстандағы төрешілікке қатысты жалпы бір үрдіс байқала ма?
– Бұл сұраққа жауап бермеймін. Бұл мәселемен басқа органдар айналысады.
Еске сала кетейік, ҚПЛ-дың 4-турында «Атырау» сырт алаңда Шымкентте «Ордабасыға» қарсы ойнады және Дорофеевтің голынан кейін ұзақ уақыт 1:0 есебімен алда тұрды. 82-минутта Дорофеев дубль жасап, төреші Санжар Искаков орталық алаңға белгі берді. Алайда VAR бөлмесіндегі төрешілер офсайд тіркеп, бас төреші шешімін өзгертіп, голды есептемеді. Қосымша уақытта төреші «Атырау» қақпасына пенальти белгіледі, ол 90+12 минутта голға айналды, сонымен қатар батысқазақстандықтардың бір ойыншысын алаңнан қуды. Ойын 1:1 есебімен аяқталып, төрешілерге қатысты қатаң сынға ұшырады. Кейін Қазақстан футбол федерациясы сол матчтағы екі даулы шешім – есепке алынбаған гол мен белгіленген пенальтиді қате деп мойындады.
