locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Конференциялар лигасындағы «Қайрат» – «Мьельбю» матчының үздік ойыншысы анықталды

«Қайраттың» тарихи жеңісінен кейін Анарбеков ең жоғары бағалардың біріне ие болды
Футбол
Конференциялар лигасындағы «Қайрат» – «Мьельбю» матчының үздік ойыншысы анықталды
ФОТО: Getty images
Конференция лигасы
26.11.2026, Аяқт.
Кайрат
1
Мяльбю
0

Темірлан Анарбеков «Қайраттың» биылғы еурокубок маусымындағы басты қаһармандарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алматылық клубтың қақпашысы Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда швециялық «Мьельбюді» 1:0 есебімен жеңуге көмектесіп, матчқа қатысқан футболшылар арасындағы ең жоғары бағаны алды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Flashscore статистикалық порталының мәліметінше, Анарбековтің ойыны 9,2 балға бағаланған. Қазақстандық қақпашы 90 минут ішінде жеті сейв жасап, қарсыластың есепті өзгертуіне мүмкіндік бермеді.

Әсіресе кездесудің екінші бөлігінде оның еңбегі айқын байқалды. Швециялық команда таразы басын теңестіруге тырысқанымен, Анарбеков қарсыластардың соққыларына тойтарыс беріп, «Қайраттың» бір доптық басымдығын сақтап қалды. Ең қауіпті сәттердің бірі Аки Самуэльсеннің соққысынан кейін тіркелді. Қазақстандық голкипер қақпаның төменгі бұрышына бағытталған допты қайтарды.

Алайда алматылық команданың барлық ойыншысы бірдей жоғары баға алған жоқ. Flashscore нұсқасы бойынша Луиш Мата, Азамат Тұяқбаев және Исмаил Бекболат 6,3 балдан жинады. Бұл – «Қайрат» футболшылары арасындағы ең төменгі көрсеткіш.

Кездесудегі жалғыз голды Еркін Тапалов соқты. Қазақстандық қорғаушы бірінші таймда есеп ашып, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Матч аяқталғаннан кейін Тапалов швециялық клубқа қарсы ойынның «Қайрат» сапындағы соңғы кездесуі болғанын растады.

Бұл нәтиже алматылықтар үшін тарихи жетістікке айналды. «Қайрат» өз тарихында алғаш рет еурокубоктардың бұрынғы топтық, қазіргі жалпы кезеңінде жеңіске жетті. Төрт турдан кейін қазақстандық клубтың еншісінде бес ұпай бар.

Анарбеков бұған дейін де «Қайраттың» халықаралық аренадағы маңызды матчтарында шешуші рөл атқарған. 2025 жылдың тамызында ол Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде шотландиялық «Селтикке» қарсы кездесудің басты қаһарманы атанды. Сол ойында қақпашы пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, алматылықтардың клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуына көмектесті.

«Қайрат» Конференциялар лигасының биылғы маусымын Латвияның «Рига» клубымен тең ойыннан (1:1) бастады. Одан кейін Грекияның «Панатинаикосынан» 1:5 есебімен жеңілді. Үшінші турда алматылықтар Италияның «Аталантасымен» 1:1 есебімен тең түсіп, сырт алаңнан бір ұпай алып қайтты. Ал төртінші кездесуде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Келесі матчын «Қайрат» 10 желтоқсанда Румынияның Крайова қаласынан келген «Университатяға» қарсы өткізеді. Алматылықтар өз алаңында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін арттыруға тырысады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie