Арутюнян «Қайраттың» тарихи жеңісінен кейін Анарбековтің ойынын бағалады
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Жора Арутюнян Конференция лигасының жалпы кезеңінің төртінші турында швециялық «Мьельбюді» (1:0) жеңгеннен кейін Темірлан Анарбековтің ойынына жоғары баға беріп, кездесу барысында жасаған ойыншы ауыстыруларының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маман «Аталантаға» қарсы өткен еурокубоктік кездесуден кейін қақпашының сынға ұшырағанын, алайда сол матчта команданы бірнеше рет голдан құтқарғанын еске салды.
«Темірланның қанша сейв жасағанына қараңыздаршы. «Аталантамен» өткен матчтан кейін көпшілік оның қателігін талқылады. Алайда сол кездесуде команданы қанша рет құтқарғанын еске алғандар аз болды. Біздің клуб тәрбиеленушілерінің мінезі өте мықты. Тұяқбаев, Бекболат пен Мрынский ұлттық құрамалардан жеңіл жарақаттармен оралды, ал Тапалов бізге қажетті қарқында 90 минут бойы ойнай алмас еді. Алаңға тыңнан қосылған жігіттер қорғаныстағы міндеттерін толық орындап, ойынды өз қақпамыздан алыстатуға тырысты. Жанкүйерлерге, әсіресе 51-секторға ерекше алғыс айтқым келеді. Олардың қолдауын бүкіл матч бойы сезіндік», – деді Арутюнян.
Еске салайық, «Мьельбюге» қарсы кездесудегі жеңіс «Қайраттың» еурокубоктердің жалпы кезеңіндегі тарихи алғашқы жеңісі болды. Матчтағы жалғыз голды 14-минутта Еркін Тапалов соқса, Темірлан Анарбеков қарсыластың жеті соққысын қайтарып, кездесудің үздік ойыншысы атанды.
Алматылықтар Конференция лигасындағы келесі матчын 10 желтоқсанда өз алаңында румыниялық «Университатяға» қарсы өткізеді.