locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Қайрат» Конференциялар лигасында «Мьельбюді» жеңгені үшін қанша табыс тапты

Тарихи жеңісі үшін «Қайрат» УЕФА-дан 200 миллион теңгеден астам сыйақы алады
Футбол
«Қайрат» Конференциялар лигасында «Мьельбюді» жеңгені үшін қанша табыс тапты
ФОТО: Getty images
Конференция лигасы
26.11.2026, Аяқт.
Кайрат
1
Мяльбю
0

Швециялық «Мьельбюге» қарсы жеңіс «Қайрат» үшін турнирлік тұрғыдан ғана емес, қаржылық жағынан да табысты болды. Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда қарсыласынан басым түскен алматылық клуб УЕФА-дан 400 мың еуро, яғни шамамен 201 миллион теңге сыйақы алады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алматылықтар тарихи жеңісіне 26 қарашада өз алаңында қол жеткізді. Кездесудегі жалғыз голды 14-минутта Еркін Тапалов соқты. Ал қақпашы Темірлан Анарбеков жеті сейв жасап, командасының басымдығын соңына дейін сақтап қалуына көмектесті. Осылайша ол матчтың басты қаһармандарының біріне айналды.

Бұл «Қайраттың» еурокубоктардың бұрынғы топтық, қазіргі жалпы кезеңіндегі алғашқы жеңісі болды. Бұған дейін қазақстандық клуб халықаралық турнирлердің осы сатысында бірде-бір кездесуде жеңіске жете алмаған еді.

УЕФА-ның қолданыстағы сыйақы жүйесіне сәйкес, Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі әр жеңіс үшін клубтарға 400 мың еуро төленеді. Ал тең аяқталған ойынға 133 мың еуро қарастырылған.

Дегенмен «Мьельбюді» жеңгені үшін берілетін қаржы «Қайраттың» биылғы еурокубок маусымындағы алғашқы табысы емес. Бұған дейін алматылықтар Латвияның «Рига» және Италияның «Аталанта» клубтарымен 1:1 есебімен тең түскен болатын. Осы екі кездесудің нәтижесі үшін команда қосымша 266 мың еуро алады.

Осылайша, төрт турдың қорытындысы бойынша «Қайрат» жалпы кезеңдегі матч нәтижелерінің арқасында 666 мың еуро немесе шамамен 334 миллион теңге табыс тапты.

Айта кетейік, бұл сомаға турнирге қатысқаны үшін берілетін төлемдер мен УЕФА регламентінде қарастырылған қосымша бонустар кірмейді. Сондықтан алматылық клубтың биылғы еурокубок маусымынан түсетін жалпы табысы бұдан да жоғары болады.

Еске салайық, «Қайрат» Конференциялар лигасының жалпы кезеңін «Ригамен» тең ойыннан бастады. Одан кейін Грекияның «Панатинаикос» клубынан 1:5 есебімен ірі жеңіліс тапты. Үшінші турда алматылықтар Бергамода «Аталантамен» тең түсіп, сырт алаңнан бір ұпай алып қайтты.

Ал «Мьельбюге» қарсы жеңістен кейін қазақстандық клубтың еншісіндегі ұпай саны беске жетті. Нәтижесінде команда плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

Жалпы кезеңнің аяқталуына әлі екі тур бар. Демек, «Қайраттың» турнирдегі жағдайын жақсартып қана қоймай, УЕФА-дан алатын сыйақы көлемін арттыруға да мүмкіндігі бар.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie