Игорь Черевченко «Жеңісті» жеңгеннен кейін пікір білдірді
«Ақтөбенің» бас бапкері Игорь Черевченко Қазақстан Премьер-лигасының 25-туры аясында «Жеңіске» қарсы өткен матчтан кейін пікір білдірді. Кездесу 1:0 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матчтағы жалғыз гол 81-минутта соғылды. Артур Шушеначев мергендік танытып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.
Ойыннан кейін Черевченко алдымен жанкүйерлерге алғыс айтып, команданың қазіргі нәтижесі мен турнир кестесіндегі жағдайы өздерін де толық қанағаттандырмайтынын атап өтті.
«Ойынға келіп, команданы қолдаған барлық жанкүйерге алғыс айтқым келеді. Жанкүйерлер бұдан да жақсы нәтижеге лайық екенін түсінемін. Қазіргі нәтиже мен турнир кестесіндегі жағдай бізді де әзірге қанағаттандырмайды. Бірақ футболшылар жеңіске жету үшін алаңда қолдан келгеннің бәрін жасап жүр. Әзірге мүмкіндіктерді пайдалану жағынан қиындық бар. Әр ойында жеткілікті деңгейде гол соғатын сәттер туындайды. Қарсыластың айып алаңында агрессияны арттыруымыз керек. Сонда бәрі жақсы болады», - деді Черевченко.
Бапкер сондай-ақ негізгі құрамды таңдауының себебін түсіндіріп, кейбір футболшыларға жоғары жүктемеден кейін демалыс қажет болғанын айтты.
«Жаттығу процесі де болды. Бір апта бойы дайындалып, кімнің қандай жағдайда екенін бақыладық. Соның нәтижесінде осындай құрамды шығаруды жөн көрдік. Өйткені кейбір қорғаушыларға демалыс қажет болды. Оларға түсетін жүктеме де көп. Жасанды және табиғи алаңдарды алмастырып ойнаудың өзі қиындық тудырады. Ал бұл алаң біз үшін қалыпты. Бұған дейін бір апта бойы осында жаттықтық. Жігіттердің ешқайсысы шағымданған жоқ», - деп қосты маман.
Айта кетейік, осы жеңістен кейін «Ақтөбе» 38 ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орында тұр. Ал 29 ұпайы бар «Жеңіс» сегізінші сатыда орналасқан.