Уразбахтин «Қайраттың» жіберіп алған чемпиондығы туралы пікір білдірді
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-лигасының 29-туры аясында «Ақтөбемен» (2:2) тең түскен матчтың нәтижесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Әрине, біз бұл жерде жеңіске жеткіміз келді және менің ойымша, жеңіске жақынырақ болдық. Бірақ, бәрібір, біз ойнап жатқан осындай тығыз кесте әсер етті деп ойлаймын: екі күн сайын, үш күн сайын... Жігіттерге тыңдық жетіспегені көрініп тұрды. Екі күн бұрын энергияны көп талап еткен матч өткіздік. Сондықтан бүгін бізге физикалық тұрғыдан да, тың шешімдер қабылдау жағынан да тыңдық жетіспеді. Меніңше, Еркиннің бірінші таймдағы ауысуы да осыған байланысты болды. Соңғы матчтарда ол толық, 90 минуттан ойнады, сондықтан сәл қалпына келіп үлгермеген шығар. Сонымен қатар қарсыластың сол қанаты да, біздің оң қанатымыз да сәл осал көрінді.
Ол жерде жылдам Оджо ойнады, үнемі қорғаушылардың артына пас беріп отырды. Бірінші таймда жасалған ауысу да дәл осыған байланысты болды. Әрине, біз тағы да жылдам гол жіберіп алдық. Мұны тағы да зейіннің жоғалуымен, толық қалпымызға келіп үлгермегенімізбен байланыстырамын. Бірақ жігіттерге тағы да алғыс айтқым келеді. Мен оларға киім ауыстыратын бөлмеде алғысымды білдірдім. Күрделі кестеге қарамастан, біз соңына дейін ойнап, күресуді жалғастырдық. Негізінде, екі рет қуып жетуші рөлінде болдық.
Бізге сәл ғана нәрсе жетіспеді. Екінші таймда кем дегенде бір гол соғуға жеткілікті мүмкіндіктер жасадық. Гол соғуымыз керек еді. Бірақ Саня да жарады, бірнеше эпизодта командасын құтқарып қалды. Сондықтан бұл — тартысты тең ойын, енді не істейміз. Қалпымызды түзеп, дайындаламыз. Алда әлі матчтар, еурокубок ойындары бар. Біраз өкініп аламыз да, дайындықты жалғастырамыз», — деп Уразбахтиннің сөзін келтіреді Sports.kz.
Айта кетейік, бүгінгі тең ойыннан кейін «Қайрат» 64 ұпай жинады, ал «Ордабасының» еншісінде 68 ұпай бар. Чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда шымкенттік клубтың артықшылығы төрт ұпайды құрайды. Бұл оған соңғы кездесулердің нәтижелеріне қарамастан бірінші орынды қамтамасыз етеді.