Дастан Сәтпаев «Ювентусқа» қарсы ойнады, бірақ «Челси» тағы да жеңілді
Лондондық «Челси» жаңа маусымға дайындық аясында Гонконгте туриндік «Ювентуспен» жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу италиялық клубтың 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Матчтағы жалғыз голды 68-минутта Эдон Жегрова соқты.
Жолдастық кездесу
«Челси» - «Ювентус» - 0:1
Гол: Жегрова, 68.
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев ойынды қосалқы құрамда бастады. Ол 65-минутта Джейми Байноу-Гиттенстің орнына алаңға шығып, матчтың соңына дейін өнер көрсетті. Бұл 17 жастағы футболшының «Челси» сапындағы маусымалды дайындықтағы үшінші кездесуі болды.
Осыған дейін Сәтпаев «Вестерн Сидней Уондерерс» және «Тоттенхэмге» қарсы матчтарға қатысқан еді. Австралиялық клубпен өткен ойында ол алғашқы голын соғып, кейін бұл доп Sydney Super Cup турнирінің үздік голы деп танылды.
«Челси» келесі жолдастық кездесуін 8 тамызда Италияның «Милан» клубына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, Дастан Сәтпаев 12 тамызда 18 жасқа толғаннан кейін ғана ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанып, лондондық клубпен келісімшартқа қол қояды.