«Досик – краш»: Сәтпаев шешуші матч алдында жаңа образға көшті
Австралиялық барбер Зарун Мохаммед лондондық «Челси» футболшыларының жаңа шаш үлгілерін көрсетті, олардың арасында қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев та бар, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мохаммедтің Instagram парақшасында барбердің жұмысынан кейінгі ойыншылардың видеолары жарияланды. Кадрларда Сәтпаев үсті көлемді, қысқа әрі сәнді шаш қиюымен көзге түсті.
Жаңа образдарын сондай-ақ Коул Палмер де көрсетті – ол қысқа әрі ұқыпты шаш үлгісін таңдаса, Хуан Палестра ұзындау шаш үлгісімен шықты. Бұдан бөлек, видеоларға қорғаушы Аарон Ансельмино да түсті.
Видео астындағы пікірлерде қазақстандық футболшының жанкүйерлері бірден белсенділік танытты.
«Досик – краш»;
«Біздің бала краш»;
«Ооооо, Дастан Сәтпаев»;«Жарасады, стильді шыққан»;
«Таза, талғаммен», – деп жазды жанкүйерлер.
Осы маусым алдындағы турне аясында Сәтпаев «Челси» сапында төрт матчқа қатысты. Қазақстандық шабуылшы алаңға «Тоттенхэм», «Ювентус», «Вестерн Сидней Уондерерс» және «Джохор Дарул Тазим» клубтарына қарсы ойындарда шықты. Оның еншісінде бір гол бар.
Сәтпаев дәл осы голын «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына соқты – бұл оның ағылшын клубындағы алғашқы голы болып тіркелді.
Келесі жолдастық кездесуін «Челси» 15 тамыз күні «Стэмфорд Бриджде» Испанияның «Реал Сосьедад» командасына қарсы өткізеді. Осы матчтан кейін клуб қазақстандық шабуылшының болашағы туралы шешім қабылдауы ықтимал.