«Бернли» аңызы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді
Англиялық шабуылшы Джей Родригес кәсіби футболшы ретіндегі мансабын аяқтайтынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы «Бернли» клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Родригес «Бернли» сапында екі рет өнер көрсетіп, команданың тарихында өзіндік із қалдырды. Осы уақыт ішінде ол 310 матчқа қатысып, 76 гол соқты.
Клуб шабуылшыға командаға деген адалдығы, жетістіктеріне қосқан үлесі және ұзақ жылдар бойы көрсеткен еңбегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Родригестің әрдайым бордо түстес клуб отбасының маңызды мүшесі болғаны және команданың намысын қайта қорғау үшін «Бернлиге» екі рет оралғаны ерекше атап өтілді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ағылшын клубының жүйесінде Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев та бар. Жас футболшы биыл жазда «Челсиден» жалға ауысып, ағылшын футболындағы мансабын енді бастап жатыр.
Осы маусымда Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында жеті матч өткізді. Алайда әзірге нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ. Қазақстандық шабуылшының еншісінде гол да, нәтижелі пас та жоқ.