«Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Пястқа» қарсы матчқа құрамын жариялады
Алматылық «Қайрат» Еуропа аренасындағы кезекті сынға дайындалып жатыр. 23 қараша, дүйсенбі күні қазақстандық клуб футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы кездесуін Польшаның «Пяст» командасына қарсы өткізеді. Сырт алаңдағы маңызды ойын қарсаңында алматылықтардың бапкерлер штабы матчқа қатысатын футболшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Қайраттың» құрамы: Жоао Пауло, Рашит, Герейханов, Кайо Руис, Рафао, Шарапиденов, Ногейра Гонсалвеш, Дарибай, Иманбеков, Сейтнур, Валиуллин, Токаев және Да Кошта.
Алматылықтардың плей-оффқа дейінгі жолы оңай болған жоқ. Негізгі кезеңде «Қайрат» Латвияның «Бейтар» клубын 5:3 есебімен жеңгенімен, артынша Бельгияның «Андерлехт» командасынан 3:8 есебімен ойсырай ұтылды. Ал Румынияның «Юнайтед Галац» клубы жарыстан шеттетілгеннен кейін қазақстандық ұжымға 5:0 есебімен техникалық жеңіс берілді.
Осылайша, алты ұпай жинаған «Қайрат» өз тобында екінші орын алып, Еуропаның ең беделді клубтық футзал додасындағы күресін жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ал «Пяст» алдыңғы кезеңді сенімдірек өткізді. Польша өкілдері жеті ұпай еншілеп, өз тобында көш бастады. Енді олар өз алаңының артықшылығын пайдаланып, ширек финалға жол ашатын нәтижеге қол жеткізуді көздейді.
Қос команда арасындағы алғашқы кездесу Польшаның Гливице қаласында өтеді. Ал қарымта матч 4 желтоқсанда Алматыда ұйымдастырылады. Ширек финалға жолдама иеленетін ұжым осы екі ойынның қорытындысы бойынша анықталады.
«Пяст» – «Қайрат» матчы бүгін, 23 қараша күні Қазақстан уақытымен сағат 23:00-де басталады. Кездесудің тікелей көрсетілімі.