«Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчта жеңілді
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңін сәтсіз бастады. 1/8 финалдың алғашқы кездесуінде қазақстандық клуб Польшаның «Пяст» командасынан 0:2 есебімен жеңіліп, Алматыда өтетін қарымта матч алдындағы жағдайын қиындатып алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу 23 қарашада Польшаның Гливице қаласындағы PreZero Arena спорт кешенінде өтті. Ойынға эстониялық Григорий Ошомков бастаған төрешілер бригадасы қазылық етті.
Алаң иелері басымдықты бірінші таймда-ақ өз қолына алды. 15-минутта Томаш Крезельб есеп ашып, алматылықтарды қуып жетуші тараптың жағдайына түсірді.
«Қайрат» алғашқы голдан кейін ес жиып үлгермей жатып, поляк клубы тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. 17-минутта Дилл қарсылас қақпасын дәл көздеп, «Пясттың» басымдығын екі допқа жеткізді. Осылайша, командалар үзіліске 2:0 есебімен аттанды.
Екінші таймда қазақстандық ұжым ойын барысын өзгерте алмады. Қалған уақытта қос команда да есепті жаңартқан жоқ. Алаң иелері алғашқы бөлікте қол жеткізген басымдығын финалдық ысқырыққа дейін сақтап қалды.
Нәтижесінде «Қайрат» плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуін гол соға алмай аяқтады. Енді алматылықтарға келесі кезеңге шығу мәселесін өз алаңында шешуге тура келеді.
Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы. 1/8 финал. Алғашқы матч
«Пяст» (Польша) – «Қайрат» (Қазақстан) – 2:0 (2:0)
Голдар: Томаш Крезельб, 15 (1:0); Дилл, 17 (2:0).
Алматылықтар негізгі кезеңдегі өз тобында екінші орын алып, 1/8 финалға жолдама алған болатын. «Қайрат» жарысты Латвияның «Бейтар» клубын 5:3 есебімен жеңуден бастағанымен, келесі кездесуде Бельгияның «Андерлехт» командасынан 3:8 есебімен ойсырай ұтылды.
Ал Румынияның «Юнайтед Галац» клубы турнирден шеттетілген соң, қазақстандық командаға 5:0 есебімен техникалық жеңіс берілді. Соның нәтижесінде алты ұпай жинаған алматылықтар топтық кезеңді екінші орынмен аяқтады.
«Пяст» болса, өз тобында жеті ұпай еншілеп, плей-оффқа бірінші орыннан шықты. Енді Польша өкілдері «Қайратқа» қарсы алғашқы ойындағы екі доп басымдығын сақтап, ширек финалға жолдама алуға тырысады.
Дегенмен қазақстандық клуб үшін келесі кезеңге өту мүмкіндігі әлі де бар. Қарымта кездесу 4 желтоқсанда Алматыда өтеді. Өз жанкүйерлерінің алдында ойнайтын «Қайрат» екі доп айырмасын жойып, қарсыласынан басым түсуге күш салады.