Бибісара Асаубаеваның сүйіктісі әлемдік тәжге таласады: Жавохир Синдаровтан не күтеміз?
24 қарашада Женевада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін тарихи деп бағаланып отырған матч басталады. Бас жүлде үшін алғаш рет 20 жастағы екі гроссмейстер — қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу мен Өзбекстан өкілі, үміткер Жавохир Синдаров күш сынасады. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл тартыстың орны бөлек: Синдаров Бибісара Асаубаевамен көңіл жарастырған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алғаш қарағанда, басымдық қазіргі чемпион жағында болуы керек. Алайда соңғы айлардағы нәтижелер керісінше жағдайды аңғартады. Синдаров әлемдік рейтингте үндістандық қарсыласынан айтарлықтай озып тұр, ірі турнирлерде сенімді өнер көрсетіп келеді әрі өзара кездесулердегі көрсеткіші де жақсы.
Өзбекстандық шахматшының басты артықшылығы — қазіргі бабында.
Жавохир 2025 жылы Әлем кубогын жеңіп алса, 2026 жылы Үміткерлер турнирінде топ жарып, бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Ол 14 партияда алты рет жеңіске жетіп, сегіз кездесуін тең аяқтады және бірде-бір рет жеңілген жоқ.
Бұл жетістіктер оны FIDE рейтингінде 2782 ұпаймен төртінші орынға көтерді. Ал Гукештің жағдайы керісінше: қазіргі чемпион 2710 рейтингтік ұпаймен небәрі 26-сатыда тұр.
Айырмашылық — 72 ұпай. Мұндай деңгейдегі матч үшін бұл елеулі басымдық, бірақ өздігінен жеңіске кепіл болмайды.
Сарапшылар Синдаровтың мүмкіндігін әрқалай бағалап отыр: кейбірі оның аздаған басымдығын айтса, енді бірі ықтималдықты 70 те 30 деп өзбекстандық шахматшының пайдасына шешеді. Синдаровтың өзі сабырлырақ болжам жасады: матч қарсаңында мүмкіндігін шамамен 51 пайыз деп бағалады.
Үміткердің пайдасына айтылатын тағы бір уәж — өзара кездесулер тарихы.
Гроссмейстерлер классикалық шахматта үш рет ойнаған. Оның екеуінде Синдаров жеңсе, тағы бір партия тең аяқталды.
Дегенмен өзбекстандық шахматшының екі жеңісі де 2018 және 2022 жылдары тіркелген, ол кезде қарсыластар шахмат элитасына енді ғана қадам басып жүрген. Соңғы кездесу 2026 жылғы қаңтарда Нидерландта өткен Tata Steel турнирінде болды және тең нәтижемен аяқталды.
Сондықтан бұрынғы нәтижелер Синдаровқа белгілі бір психологиялық басымдық береді, бірақ алдағы матчтың тағдыры шешіліп қойды деуге негіз жоқ.
Өзбекстандық гроссмейстердің басты күші неде?
Синдаров дебюттік дайындығының жан-жақтылығымен, батыл шабуылдау мәнерімен және күрделі позицияларда тосын шешім таба білуімен танымал.
Оның артықшылығы — қарсыласына өзіне қолайсыз күрес сипатын таңу қабілетінде. Жавохир тәуекелге барудан қорықпайды, позицияны шиеленістіруге бейім және сырттай тыныш көрінген жағдайдың өзін күрделі сынаққа айналдыра алады.
Дәл осы қасиеттер оған Үміткерлер турнирінде жеңіске жетуге көмектесті. Онда ол тәжірибесі әлдеқайда мол қарсыластарынан озып шықты.
Алайда мұндай ойын мәнерінің кері жағы да бар. Шабуылға шектен тыс ұмтылу кейде қателікке ұрындырады. Бұған қоса, Синдаровқа ұзақ әрі шыдаммен аздаған басымдық іздеуге тура келетін жабық позицияларда ойнау әрдайым жайлы емес. Егер Гукеш өзбекстандық шахматшының шабуыл мүмкіндіктерін шектеп, тартысты ұзақ позициялық партияларға бұра алса, үміткердің басымдығы соншалықты айқын болмауы мүмкін.
Нәтижелері төмендегеніне қарамастан, үндістандық шахматшы — қазіргі әлем чемпионы. Ол 2024 жылы Қытай өкілі Дин Лижэньмен өткен матчта титулды жеңіп алды және мұндай бәсекеде қандай қысым болатынын біледі.
Гукеш психологиялық тұрғыдан мықты, соңғы жүріске дейін күресуге дайын әрі қарсыласының титтей қателігін де пайдалана алады.
Қыркүйекте өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында да ол бұрынғы бабына қайта келе бастағанын көрсетті.
Үндістандық шахматшының тағы бір артықшылығы — әлем чемпионы атағы үшін матчқа дайындық тәжірибесі. Халықаралық жарыстарда белсенді өнер көрсеткен Синдаровтан айырмашылығы, Гукеш турнир кестесін сиретіп, командасымен жұмыс істеуге ден қойды.
Сондықтан чемпион қарсыласына дебютте күтпеген шешімдер дайындап қоюы да мүмкін.
Әлем чемпионы атағының тағдырын не шешуі мүмкін?
Матч классикалық уақыт бақылауымен ең көбі 14 партиядан тұрады. Жеңіске жету үшін 7,5 ұпай жинау қажет. Барлық ойыннан кейін есеп тең болса, чемпион тағдыры тай-брейкте шешіледі.
Осындай ұзақ бәсекеде бір ғана жеңілістің өзі матч барысын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Синдаров үшін матчты сәтті бастап, қарсыласына сақ ойын мәнерін таңуға мүмкіндік бермеу аса маңызды. 24 қарашадағы алғашқы партияда өзбекстандық шахматшы ақ фигуралармен ойнайды, демек, Гукештің дебюттік дайындығын бірінші болып сынап көруге мүмкіндігі бар.
Дегенмен тым шабуылшыл бастама да қатерге толы. Үміткер оқиғаны жеделдетуге тырысса, үндістандық қарсыласы оның қателіктерін пайдаланып кетуі мүмкін.
Психологиялық төзімділік те маңызды рөл атқарады. Синдаров алғаш рет әлем чемпионы атағы үшін матчқа қатысады, ал Гукеш мұндай сынақтан өтіп қойған.
Бибісара Асаубаеваның сүйіктісі әлем чемпионы атана ала ма?
Бүгінде Синдаров қарсыласудың фавориті болып көрінеді. Оның пайдасына соңғы турнирлердегі нәтижелері, рейтингтегі басымдығы, өзара кездесулердегі оң көрсеткіші және шабуылға бейім жан-жақты ойын мәнері сөйлейді.
Алайда өзбекстандық шахматшы үшін басты сынақ тек Гукештің қарсылығын еңсеру емес, чемпиондық матчтың зор қысымына төтеп беру болмақ.
Егер Жавохир Үміткерлер турнирінде көрсеткен сенімділігін сақтап, негізсіз тәуекелден аулақ болса, Өзбекстанға классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын алғаш рет алып келуге тамаша мүмкіндігі бар.
Бибісара Асаубаева мен қазақстандық шахмат жанкүйерлері үшін де алдағы апталар айрықша қызыққа толы болмақ. 24 қарашадан бастап оның таңдаулысы әлемдік тәжге бастар соңғы қадамды қаншалықты нық жасай алатыны белгілі болады.