locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Барыс» қатарынан үш рет жеңіліс тапты: қазақстандық клуб ҚХЛ-де нешінші орында

Астаналық «Барыс» қатарынан үш рет жеңіліп, 29 матчта 29 ұпай жинады
Хоккей
«Барыс» қатарынан үш рет жеңіліс тапты: қазақстандық клуб ҚХЛ-де нешінші орында
ФОТО: ХК Барыс

Қатарынан үш рет жеңілу «Барыстың» турнирлік жағдайын едәуір қиындатты. Шығыс конференциясының көшбасшысы магнитогорскілік «Металлургті» жуырда ғана ұтқан қазақстандық клуб қорғаныста және мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда қайтадан қиындықтарға тап болды. Дегенмен сәтсіз серияға қарамастан, астаналықтар әзірге үздік сегіздіктегі орнын сақтап келеді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Сәтсіз серия Уфада басталды: Михаил Кравецтің шәкірттері «Салават Юлаевқа» 3:5 есебімен жол берді. Одан кейін Омбыға сапар да сәтсіз аяқталды: «Авангард» 3:1 есебімен басым түсті.

«Барыс» серияны 22 қарашада өз айдынында минскілік «Динамомен» кездесуде үзуді көздеді. Матчтың басы алаң иелерінің пайдасына өрбіді. 30-минутта Джастин Бэйли есеп ашып, осы маусымдағы 18-шайбасын соқты.

Алайда астаналықтар басымдығын арттыра алмады. Екінші үзіліске дейін Сэм Энас есепті теңестірсе, үшінші кезеңде дубль жасап, минскіліктерге жеңіс әкелді — 2:1.

Статистиканы ескерсек, бұл жеңіліс әсіресе өкінішті болды. «Барыс» қақпаға дәл 36 соққы бағыттады, ал қарсыласта мұндай соққы саны 19 болды. Соған қарамастан, қонақтар қақпашысы Зак Фукалені бір реттен артық қапы қалдыра алмады.

Қазақстандық команда соңғы үш матчта бес шайба соғып, өз қақпасына он шайба жіберіп алды. Оның үстіне, бұған дейінгі екі кездесуде астаналықтар бір-бірден ғана шайба соқты.

ҚХЛ кестесінде «Барыс» нешінші орында?

29 матчтан кейін «Барыстың» еншісінде 29 ұпай бар. Бұл нәтижемен Михаил Кравецтің командасы Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр — тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша плей-оффқа жолдама беретін соңғы орын осы.

Қазақстандық клубтың жағдайы әлі де тұрақсыз. Тоғызыншы орында 29 ұпайы бар қазандық «Ак Барс» келеді, алайда ол екі матч артық өткізген. Бір саты жоғарыда 29 матчта 30 ұпай жинаған челябілік «Трактор» тұр.

Шығыс конференциясын 43 ұпайы бар магнитогорскілік «Металлург» бастап келеді. Одан кейін омбылық «Авангард» (36) пен хабаровскілік «Амур» (34) орналасқан.

Осылайша, плей-оффқа жолдама беретін үздік сегіздік үшін күрес шиеленісе түсуде. Әрбір келесі жеңіліс «Барысты» плей-офф аймағынан ығыстыруы мүмкін.

Астаналықтар жағдайды түзетуге 25 қарашада мүмкіндік алады. Сол күні «Барыс» череповецтік «Северстальді» қабылдайды. Одан кейін команда СКА, «Нефтехимик» және «Автомобилистке» қарсы сырт алаңда ойындар сериясын өткізеді.

ФОТО: Чемпионат
Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie