«Бір ойын бағытымызды өзгертпейді»: Каррик «Халл Ситиден» жеңілгеннен кейін ойыншыларын қолдады
«Манчестер Юнайтед» бас бапкері Майкл Каррик Англия Премьер-лигасының алғашқы турында тіркелген жеңіліске қатысты пікір білдірді. «Қызыл сойқандар» сырт алаңда элитаға қайта оралған «Халл Ситиге» 0:2 есебімен жол берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері екі голды да бірінші таймда соқты. «Халл Сити» сапынан Семи Аджайи мен Нобел Менди мергендік танытты.
Үзілістен кейін Каррик ойынды өзгертуге тырысып, Маркус Рэшфорд, Беньямин Шешко және Кобби Майну секілді футболшыларды алаңға шығарды. Алайда «Манчестер Юнайтед» есепті қысқарта алмады.
Матчтан кейін Каррик алғашқы голдан соң команда жағдайды өзі қиындатып алғанын айтты. Соған қарамастан, маман бір жеңілістен кейін дүрлігуге негіз жоқ деп санайды.
«Ойынымызда жақсы тұстар да болды, бірақ түзету қажет дүниелер де бар. Бұл кездесудің оңай өтпейтінін алдын ала білдік. Алғашқы голдан кейін қарсыласқа тым көп еркіндік беріп, өзімізге қосымша қиындық туғыздық. Кейін мүмкіндіктер пайда болды, алайда оларды жүзеге асыруға өткірлік жетіспеді. Бүгінгі нәтижеге қатты қынжылдық, бірақ бір жеңіліс бізді сындыра алмайды», - деді Каррик.
Бапкер стандартты жағдайларға да жеке тоқталды. «Манчестер Юнайтед» екі голды да дәл осындай эпизодтардан кейін өткізіп алды.
«Екі гол жіберіп алу қай кезде де ауыр тиеді. Әсіресе стандарттар шешуші рөл атқарғаны өкінішті, өйткені бұған дейін мұндай сәттерде сенімді ойнап жүрген едік. Бүгін осы эпизодтар матч тағдырына тікелей әсер етті. Әрине, жұмыс істейтін тұстарымыз бар, бірақ жалпы алғанда жаман емес нәрселер де көрінді. Бір кездесу біздің бағытымызды өзгертпейді», - деді маман.
Каррик алғашқы турдан кейін үлкен қорытынды жасауға асықпайтынын да жеткізді. Оның айтуынша, команда енді қателіктерді саралап, келесі матчқа назар аударуы керек.
«Бұл - маусымдағы алғашқы матч қана. Жеңіліс, әрине, жағымсыз. Бірақ ол команданың да, клубтың да таңдаған бағытын өзгерте алмайды. Біз сабыр сақтап, сырттағы пікірлерге емес, өз жұмысымызға және келесі кездесуге көңіл бөлуіміз керек», - деп түйіндеді Каррик.
Осылайша, «Манчестер Юнайтед» АПЛ-2026/27 маусымын ұпайсыз бастады. Ал «Халл Сити» элиталық дивизионға оралған алғашқы ойынында-ақ сенсациялық жеңіске қол жеткізді.