Сұмдық: Хусановтың клубына еуропалық жарыстардан бірнеше жылға шеттетілу қаупі төніп тұр
Егер клубтың қаржылық тәртіпті 114 рет бұзды деген айып бойынша апелляциясы қанағаттандырылмаса, Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы «Манчестер Ситиді» барлық еуропалық жарыстардан жеті жылдан он жылға дейін шеттететінін жариялауға дайын, деп хабарлайды Sports24.kz.
Колумбиялық журналист Сесар Аугусто Лондоньоның айтуынша, «қалалықтар» қаржылық фэйр-плей ережелерін бұзды деген айыптардың негізсіз екенін заң жүзінде дәлелдей алмаса, бұрын-соңды болмаған қатаң санкциялар күшіне енуі мүмкін.
Ықтимал тыйым УЕФА Чемпиондар лигасына, Еуропа лигасына және Конференциялар лигасына қатысуға қатысты болады. Бұл клубтың он жыл бойы халықаралық оқшаулануына әкелуі мүмкін.
Қазіргі уақытта еуропалық футболдың басқарушы органдарынан ешқандай ресми мәлімдеме жасалған жоқ. «Манчестер Сити» өкілдері кез келген құқықбұзушылықты үзілді-кесілді жоққа шығарып, өздерінің толық кінәсіз екенін алға тартып отыр. Клуб апелляциялық процесті бастап кетті және мүддесін Ұлыбританияның Жоғарғы сотына дейін қорғауға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, «қалалықтардың» қаржылық есептілігіне қатысты ұзаққа созылған тергеу бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Ол демеушілік келісімшарттарға, кірістерге және жарияланбаған еңбек келісімдеріне қатысты.
2020 жылы «көкшілдер» Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сотта Чемпиондар лигасына қатысуға салынған екі жылдық тыйымды сәтті даулап, еуропалық реттеушілердің кейбір талаптары негізсіз екенін дәлелдеді.