Қазақстан құрамасының жуырдағы дебютанты чемпионат көшбасшысына ауысты
«Ордабасы» Қазақстан ұлттық құрамасының жуырдағы дебютанты Абинур Нұрымбетпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде хабарлады, деп жазады Sports24.kz.
Шымкенттік клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар 2029 жылға дейін келісімге қол қойған. 21 жастағы бұрынғы «Оқжетпес» ойыншысымен жасалған мәміленің өзге шарттары жарияланбады.
Еске сала кетейік, Нұрымбет соңғы бір жылда төртінші клубына ауысып отыр. Себебі 2025 жылдың 25 маусымында ол әлі «Тұранның» футболшысы болатын, сол жазда «Ертіске» өткен. Бірақ Павлодарда да ұзақ тұрақтамады — маусым басталар алдында «Оқжетпеске» ауысты.
- Сондай-ақ оқыңыз: «Ордабасыда» революциялық өзгерістер басталмақ
Көкшетаулық ұжым сапындағы ойыны тек «Ордабасының» ғана емес, Талғат Байсуфиновтың да назарын аудартты. Ұлттық құраманың бас бапкері оған Арменияға қарсы өткен жолдастық ойында (1:1) Қазақстан құрамасы сапында дебют жасауға мүмкіндік берді.
Нұрымбеттің «Оқжетпес» сапындағы 14 ойында жалғыз голы бар. Халықаралық матчтарға үзіліс алдында «Ордабасы» турнирлік кестеде көш бастап тұр — бір ойын артық өткізіп, «Қайраттан» екі ұпайға озып келеді.