«Ордабасы»-да революциялық өзгеріс басталды
КПЛ-дың топ-клубы «Ордабасы»-да ауқымды ребрендинг басталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шымкент клубының президенті Дархан Қызайбаев ресми атауды өзгерту жоспарлары туралы мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, «Ордабасы» атауының орнына клуб енді тек «Орда» деп аталмақ.
Үлкен ребрендинг көкжиекте
Атаумен қатар клубтың ойын формасы мен логотипі де жаңарады. Бұл өзгерістер келесі маусымнан бастап күшіне енеді деп күтілуде.
«Біз клубтың атауын өзгертуді жоспарлап отырмыз. Жаңа атау "FC Orda Shymkent" болып естілгенін қалаймыз. Басты мақсатымыз — болашақта Еуропада тұрақты ойнау. “Ордабасы” атауын созбай, жай ғана “Орда” деп атау әлдеқайда ықшам әрі дұрыс болады деп есептейміз.
Дегенмен, түпкі атауымыздан алшақ кетпейміз. “Орда” деп қысқарту шетелдіктер мен еуропалықтарға жеңіл қабылданады. Бірақ клубтың мәні, философиясы мен тарихы өзгеріссіз қалады.
Әрине, осыған қоса ойын формасы мен логотип те жаңарады. Биылғы маусымда барлық жаңартуларды дайындап, жанкүйерлерімізге таныстырамыз. Барлық өзгерістер келесі маусымнан бастап ресми күшіне енеді деп жоспарлануда», — деді Қызайбаев «Бірінші бол» подкастында.
«Ордабасы»-ның қазіргі жағдайы қандай?
Қазіргі уақытта шымкенттік клуб КПЛ-де жеңіліссіз келе жатқан жалғыз команда болып, турнир кестесінде жеке-дара көш бастап тұр. Команда сегіз рет жеңіске жетіп, төрт мәрте тең ойнап, 28 ұпай жинады.