Абылайхан Жүсіпов қарсыласын күйрете жеңіп, әлем кубогының медалін қоржынға салды
Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Әлем кубогының кезеңі жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
1/4 финалда әлем чемпионы Жүсіпов өзбекстандық Шавкатжон Болтаевпен қолғап түйістірді.
Алғашқы раундтың басында Болтаев белсенділік танытып, бірінші нөмірмен жұмыс істеді. Ол жақындасып, жекелей соққылар жасады. Жүсіпов өзінің қарқынын тауып, қарсы шабуылдармен жауап қайтара бастады. Бұл раундтағы жеңісіне дәл осы тактика себеп болды.
Екінші раунд өзбекстандық боксшының қысымымен басталды. Бір сәтте ол Жүсіповті арқанға тақап, бірнеше соққы дарытты, алайда қазақстандық шапшаң шығып кетіп, өзі де комбинациясын өткізді. Раунд соңына таман Жүсіпов сол қолмен кросс соққысын дәл жеткізіп, бірнеше ауыр соққы жасады. Қазылар тағы да жеңісті қазақстандыққа берді.
Үшінші раунд та осы қарқында өтті: Жүсіпов қарсылас соққыларынан сытылып кетіп, өзі нақты қарымта шабуылдарымен ұпай жинады.
Жекпе-жек қорытындысы бойынша Абылайхан Жүсіпов төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осылайша, ол жартылай финалға жолдама алып, турнир регламентіне сай үшінші орын үшін жекпе-жек өткізілмейтіндіктен, кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Айта кетейік, 1/8 финалда Абылайхан Жүсіповтың қарсыласы бразилиялық боксшы Кайан Рейес болған еді. Үш раунд қорытындысында төрешілер жеңісті Абылайхан Жүсіповке 4:1 есебімен берді.