АҚШ-тағы еуропалық финал: «Челси» мен ПСЖ әлемнің үздік клубы атағын сарапқа салады
АҚШ-та өтіп жатқан 2025 жылғы клубтық әлем чемпионатында финалға жолдама алған командалар белгілі болды. 8 шілдеден 9 шілдеге қараған түні Лондонның «Челси» клубы бразилиялық «Флуминенсені» 2:0 есебімен жеңіп, финалға алғаш болып шықты. Ал бір күннен кейін париждік ПСЖ мадридтік «Реалға» еш мүмкіндік бермей, 4:0 есебімен ірі жеңіске жетті.
Осылайша, турнирдің басты жүлдесі үшін еуропалық екі алпауыт - Англияның «Челсиі» мен Францияның ПСЖ клубы таласады. Финал 13 шілде күні Нью-Джерси штатындағы Ист-Рутерфорд қаласында орналасқан «Мидоулэндс» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақыты бойынша түнгі 00:00-де басталады.
Айта кетейік, екі команда да 2024/25 жылғы маусымда халықаралық аренада зор жетістіктерге жетті. ПСЖ Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанып, финалда «Интерді» тізе бүктірді. Ал «Челси» Конференциялар лигасының кубогын иеленді.