«Біз енді ғана алғашқы қадамдарды бастадық». Хаби Алонсо ПСЖ-ға қарсы жеңіліске пікір білдірді
2025 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында ПСЖ-дан 0:4 есебімен жеңілген мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо матчтың қорытындысы мен команданың болашағы туралы пікір білдірді. Ауыр жеңіліске қарамастан, испаниялық маман өзіне де, командаға да сенімді екенін атап өтті.
«Мен бұл турнирден үлкен айқындықпен кетіп барамын. Бұл жарыс біз туралы көп нәрсені көрсетті – кім екенімізді, қандай мықты тұстарымыз барын, құрамымыздың әлеуетін және алдағы өзгерістердің қажеттілігін. Маусым мүлде басқа болады, мен бұған кәміл сенемін»,– деді Хаби Алонсо.
Ол сондай-ақ бұл сәтсіздік өзінің ниетіне де, келесі маусымға арналған командалық жоспарларға да кері әсер етпейтінін айтты:
«Мен өз шешімдерім мен қателіктеріме сын көзбен қараймын. Бірақ осы маусымның соңы келесі кезеңнің бастамасына көлеңке түсіргенін қаламаймын. Бәрі жаңадан басталады».
Алонсо команданың алдағы уақытта қайта тынығып, маусымға тың күшпен кірісу керектігін атап өтті:
«Қазір бізге шын мәнінде демалыс қажет. Мен мұны маусымның соңы деп есептеймін. Бар-жоғы үш аптада біраз қорытынды жасауға мүмкіндік туды. Бұл тек бүгінгі матчтың нәтижесі емес, жалпы осы қысқа мерзімдегі жұмысымыздың айнасы».
Сөзінің соңында Хаби Алонсо мадридтік клубтың қазіргі даму кезеңін ПСЖ жобасымен салыстырды:
«ПСЖ – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жоба. Ал біз енді ғана алғашқы қадамдарды бастадық».
Айта кетейік, бұл жеңіліс Хаби Алонсо үшін «Реалдың» бас бапкері ретіндегі алғашқы ресми сәтсіздігі болды. Ал ПСЖ өз кезегінде финалға жолдама алып, 13 шілде күні Лондонның «Челсиімен» клубтар арасындағы әлем чемпионы атағын сарапқа салады.