«Флуминенсе» қарсы тұра алмады. «Челси» - КӘЧ-тің жаңа форматының алғашқы финалисі
Лондондық «Челси» АҚШ-та өтіп жатқан клубтар арасындағы әлем чемпионатының жаңа форматындағы алғашқы финалисі атанды. Энцо Мареска баптайтын ұжым жартылай финалда Бразилияның «Флуминенсе» клубын 2:0 есебімен ұтып, шешуші кезеңге жолдама алды.
Екі голдың да авторы - шабуылшы Жоао Педро.тАлғашқы голды ол 18-минутта шабуыл шебін сәтті аяқтап соқса, екінші таймда бразилиялықтардың қорғаныстағы қателігін пайдаланып, дубль авторы атанды.
«Флуминенсе» таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Челси» алаңда толық басымдық орнатып, қарсыласына нақты қауіп төндіруге мүмкіндік берген жоқ.
Айта кету керек, бірінші таймда төреші ағылшын командасының қақпасына пенальти белгіледі. Алайда VAR жүйесі арқылы эпизод қайта қаралып, 11 метрлік соққы күші жойылды.
Клубтар арасындағы әлем чемпионаты. Жартылай финал
«Флуминенсе» (Бразилия) – «Челси» (Англия) – 0:2 (0:1)
Голдар: Педро,и18 (0:1). Педро, 56 (0:2)
Осылайша, «Челси» жаңа форматтағы әлемдік дода тарихына өз атын жазды. Финалдық матч 13 шілде күні Нью-Джерсидегі «Метлайф» стадионында өтеді. Қарсылас келесі жартылай финалдың қорытындысы бойынша анықталады — ол матчта мадридтік «Реал» мен француздық ПСЖ кездеседі.