«Украин футболының үлкен үміті» — Әлібеков Гуцуляктың «Ордабасыға» ауысуы туралы
«Ордабасы» клубының басшыларының бірі Бейбіт Әлібеков Украина құрамасының 28 жастағы жартылай қорғаушысы Алексей Гуцулякпен жүргізілген келіссөздердің жай-жапсарын ашып айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әлібековтің айтуынша, тараптар Алексей Гуцуляктың Қазақстан клубына ауысуы жөнінде алдын ала әңгіме өткізген, ал футболшы өз қызығушылығын білдірген. Сонымен қатар Алексей Гуцуляктың «Ордабасы» үшін тартымды болуының бір себебі — оның еркін агент мәртебесінде болуы.
«Гуцулякта MLS-тен Жапонияға дейін түрлі ұсыныстар болды, алайда ол таңдауын «Ордабасыға» тоқтатты. Гуцуляк қосалқы рөлде емес, көшбасшы болғысы келеді. Ол бүгінде украин футболының үлкен үміті саналады, ал оның еркін агент ретінде ауысуы командамызды айтарлықтай күшейтер еді», — деді Бейбіт Әлібеков.
Айта кетейік, Гуцуляк Украина ұлттық құрамасындағы дебютін 2024 жылы жасады. Оның ұлттық құрама сапында 16 матчта соққан алты голы бар.
Украина құрамасының ойыншысы команда ҚПЛ чемпионы атанғаннан кейін «Ордабасыға» ауысады