Мартин «Ордабасының» КПЛ-дегі маусымның соңғы матчын қорытындылады
«Ордабасының» бас бапкері Андрей Мартин КПЛ-дің соңғы турында командасының жеңілгеніне пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Чемпионаттың соңғы турында Қазақстанның жаңадан чемпион атанған командасы павлодарлық «Ертіске» 0:2 есебімен жол берді.
«Ең алдымен баршаңызды маусымның аяқталуымен құттықтағым келеді. Қазақстан футбол федерациясына осы чемпионатты өте жоғары деңгейде өткізгені үшін алғысымды білдіргім келеді. Барлық командаларды маусымның аяқталуымен, барлық әріптестерімді, ойыншыларды және басшыларды құттықтаймын.
Клубымыз үшін жақсы жыл болды. Өз міндетін орындап, лигадағы орнын сақтап қалған «Ертіс» командасын құттықтаймын. Сондай-ақ олара осы матчты ұйымдастырғаны үшін, біздің командаға ұйымдастырған чемпиондық дәлізі үшін алғыс айтамыз. Бұл — үлкен құрмет, сондықтан көп рақмет.
Ал бүгінгі ойынға келер болсақ, маусым барысында алаңға сирек шыққан ойыншыларға мүмкіндік беру үшін резервтегі футболшыларды көбірек пайдаланған шығармыз. Олар да бүгін алаңға шығуға лайық болды. Бәлкім, бәрі ойдағыдай болмаған шығар, алаң иелері лайықты түрде жеңіске жетті. Сондықтан «Ертісті» тағы да құттықтаймын. Біз әрі қарай жылжимыз, алдымызда әлі маңызды ойын бар. Енді барлық ойымыз келесі матчқа бағытталады», - деп Мартиннің сөзін Sportsrena.kz келтіреді.
Айта кетейік, бүгінгі сәтсіздік чемпиондық атағын мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен Мартин шәкірттерінің турнирлік жағдайына еш әсер еткен жоқ.
7 қарашада шымкенттік ұжым Қазақстан Кубогының финалында «Қайсарға» қарсы кездесуде алтын дубль рәсімдеуге тырысады.