locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Елена Рыбакина Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету туралы мәлімдеме жасады

Әлемнің бірінші ракеткасы турнир күнтізбесін бейімдеу жоспары, қазақстандық жанкүйерлердің қолдауы және жас теннисшілерге арналған жеке жобасын құру туралы айтты
Теннис
Елена Рыбакина Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету туралы мәлімдеме жасады
Фото: Gettyimages

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары қарсаңында ұлттық құрама сапында өнер көрсету жоспары туралы айтты. Спортшы Қазақстан атынан жарыстарға қатысуды ірі халықаралық турнирлердегі ойындарымен ұштастыру үшін турнирлік кестесін реттемек, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында әлемнің бірінші ракеткасы алдағы маусымның күнтізбесін жасақтаған кезде командасы ең алдымен спортшының физикалық жағдайын ескеретінін атап өтті.

«Әрине, Олимпиада жылы жақындап келе жатқандықтан, құрама сапында ойнаудың ықтимал нұсқаларын қарастырамыз. Сондай-ақ күнтізбенің қалай түзілетінін бақылап, денсаулығыма құлақ асамыз. Ірі турнирлерде де сәтті өнер көрсетіп, құрама сапында ойнауға әрі Олимпиадаға дайындалуға мүмкіндік беретін жолдарды іздейміз», - деді Рыбакина.

Теннисші сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сезінетінін айтты. Халықаралық аренадағы жетістіктерінен шабыт алатын жас спортшылармен кездесудің ол үшін орны бөлек.

«Ең қуаныштысы, бәлкім, теннис кортына көздері жайнап келіп, сенімен ойнағысы келетін балаларды көру. Олар үшін бұл — үлкен оқиға. Өзімнің кішкентай кезімді еске алсам, теннис жұлдыздарымен ойнауға ондай мүмкіндік болмаған шығар. Ал қазір елімізде теннис қатты дамып келеді: көптеген турнир мен шеберлік сабақтары өтеді.

Меніңше, ең бастысы — теннистің дамып жатқаны. Жалпы спорт та өркендеп келеді, бұл — орасан зор мотивация. Кейде қиындық туындаса да, мұны енді тек өзің үшін емес, келер ұрпақ үшін жасап жүргеніңді ойлайсың. Сондықтан Қазақстанға оралғаныма әрдайым қатты қуанамын, бұл мен үшін өте жағымды», - деп бөлісті спортшы.

Спорттық жоспарларымен қатар, әлемнің бірінші ракеткасы командасымен бірге келешегінен үміт күттіретін теннисшілерді қолдауға бағытталған агенттік құрып жатқанын айтты. Атап айтқанда, жоба жас спортшыларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесуді көздейді. Қазір агенттік жұмысы бастапқы кезеңде.

Сонымен қатар алдағы жылдары Рыбакинаның басты басымдықтары кәсіби мансабы, ірі турнирлерде сәтті өнер көрсету және Олимпиада ойындарына дайындық болып қала береді.

Бұған дейін Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында теннисші жетістіктеріне Қазақстанның қосқан үлесін бағалап, отандық жаңа ойыншылардың әлемдік рейтингтің үздік ондығына ену мүмкіндігі туралы пікір білдірген еді. Сондай-ақ келесі маусымда «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жетуге ерекше қызығушылық танытатынын мойындады.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie