Азиада-2026 қорытындысы: Қазақстан қанша жүлде жеңіп алды?
Қазақстан құрамасы Айчи мен Нагояда өткен 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. Жарыс қорытындысында қазақстандық спортшылар 84 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын, 24-і күміс және 48-і қола, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан алғашқы чемпиондық жүлделерін жарыстың толыққанды бірінші күнінде-ақ еншіледі. Велоспортта Рината Сұлтанова жекелей сында уақытқа жарыста жеңіске жетсе, ерлер арасында дәл осы дисциплинада Алексей Луценко топ жарды.
Сол күні каратэден де екі алтын келді. Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева өз салмақ дәрежелерінде үздік атанып, Қазақстан қоржынына тағы екі чемпиондық медаль қосты.
ММА-да да Қазақстан екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев Азия ойындарының чемпионы атанды.
Турнирдің басты қаһармандарының бірі Алексей Луценко болды. Жекелей жарыста алтын алғаннан кейін ол топтық шосселік жарыста да жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық велошабандоз Азиаданы екі алтын медальмен аяқтады.
Қазақстан үшін тарихи нәтижелердің бірі академиялық ескек есуде тіркелді. Владислав Яковлев пен Иван Чернухин ерлер арасындағы рульсіз қос қайық жарысында жеңіске жетті. Бұл Қазақстанның Азия ойындарындағы дәл осы бағдарламадағы тұңғыш алтыны болды.
Шпага бойынша Қазақстан ерлер құрамасы да чемпион атанды. Команда сапында Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті. Финалда қазақстандықтар Оңтүстік Кореяны тартысты кездесуде 43:42 есебімен жеңді.
Қазақстан соңғы үш алтын медалін 2 қазанда жеңіп алды.
Бокстан 70 келіге дейінгі салмақта Торехан Сабырхан чемпион атанса, 90 келіден жоғары салмақта ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай үздік шықты.
Тағы бір тарихи алтынды Тамирлан Тлеулес жеңіп алды. Қазақстандық таеквондошы 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, ел тарихында Азия ойындарында таеквондодан алтын медаль алған алғашқы спортшы атанды.
Осылайша, Қазақстан Азиада-2026 жарысын 84 жүлдемен аяқтады. Оның ішінде 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль бар.