«Барыс» ҚХЛ Батыс конференциясының көшбасшыларының бірін жеңіп, плей-офф аймағына оралды
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчта череповецтік «Северстальді» жеңді. Қазақстандық команда 2:1 есебімен басым түсіп, сәтсіз ойындар сериясын үзіп, плей-офф аймағына қайта оралды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Батыс конференциясының көшбасшыларының бірімен кездесер алдында «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ойын құрамына өзгеріс енгізіп, қақпаға Андрей Николаевты қойды. Тартысты матчтың алғашқы кезеңінде шайба соғылған жоқ. Ал екінші жиырма минуттықта астаналықтар қарсылас қақпасын екі рет дәл көздеді.
Қазақстандық команда сапынан Логан Дэй мен Джастин Бэйли көзге түсті. «Северсталь» хоккейшілері бір шайбамен жауап қайырды. Қорытынды кезеңде «Барыс» есептегі басымдығын сақтап, ҚХЛ Батыс конференциясында үшінші орында тұрған команданы жеңді.
«Северстальді» жеңу Михаил Кравец шәкірттеріне қатарынан үш жеңілістен тұратын серияны үзуге мүмкіндік берді. Бұған дейінгі матчта астаналық клуб өз мұз айдынында минскілік «Динамоға» 1:2 есебімен есе жіберген еді. Сол ойыннан кейін команданың бас бапкері гол соғу мүмкіндіктерін сәтсіз пайдалануға және хоккейшілерінің қателіктеріне назар аударды. Череповецтік клубты жеңген соң «Барыс» 30 матчтан кейін 31 ұпай жинап, Шығыс конференциясының плей-офф аймағына қайта оралды.
Енді қазақстандық команданы Санкт-Петербургтің СКА клубымен сырт алаңдағы кездесу күтіп тұр. Матч 27 қарашада Санкт-Петербургте өтеді.