Кравец ҚХЛ-дағы құрғақ жеңілістен кейін «Барыстың» басты мәселесін атады
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ тұрақты чемпионатында «Металлургтен» жеңілгеннен кейін ойынға баға берді. Магнитогорскідегі кездесуде астаналықтар бірінші кезеңде үш шайба өткізіп алып, 0:3 есебімен ұтылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маманның айтуынша, сәтсіз басталған ойыннан кейін «Барыс» жағдайды біршама түзеп, бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырған. Алайда командаға шабуылды нәтижелі аяқтау жетіспеді.
«Ойын басында бір-бірге шығатын мүмкіндікті пайдалана алмадық, ал «Металлург» өз сәтін бірден голға айналдырды. Кейін ойынды теңестіруге тырысып, жақсы мүмкіндіктер жасадық. Аз құрамда да жігіттер жақсы ойнады. Үшінші кезеңде қарсылас аймағында көбірек болып, шайбаны ұстап, оларды ереже бұзуға мәжбүрледік. Бірақ басымдықты пайдалана алмадық. Мүмкіндік жеткілікті болды, алайда гол соға алмадық. Тұрақтылық пен комбинацияларды нақты орындау жетіспеді», - деді Кравец.
«Барыс» бапкері қарсыластың белсенді әрі агрессивті ойыны команда үшін күтпеген жағдай болмағанын атап өтті.
«Металлургтің» белсенді әрі агрессивті ойнайтынын білдік. Мұнда мәселе әр хоккейшінің өз тапсырмасын қаншалықты орындайтынында. Қорықпай, өз хоккейімізді ойнап, жұмысымызды атқаруымыз керек».
Кравец үшінші шайбадан кейін ауыстырылған Хантер Шепардтың ойынына да тоқталды.
«Шайбаларды жеңіл немесе қиын деп бөлмес едім. Кей тұста қақпашы құтқаруы керек болса, кей жерде оған командаластары көмектесуі тиіс еді. Шепард біртіндеп бейімделіп келеді және жалпы сенімді ойнап жүр. Бірақ бүгін бірінші кезең әсіресе қақпашы үшін қиын болды».
Бас бапкер гол соғу мүмкіндіктерін пайдалану мәселесіне де назар аударды. Оның сөзінше, қарсыластар «Барыстың» ойынын мұқият зерттей бастағанымен, астаналықтарда гол соғатын сәттер болған.
«Әрине, қарсыластар біздің қалай ойнайтынымызды қарап, бізді тоқтатудың жолдарын іздейді. Бірақ бізде де мүмкіндіктер болды. Бүгін «Металлургтің» қақпашысы жақсы ойнады, ал бізге гол соғу үшін шеберлік жетіспеді».
Еске салайық, ҚХЛ-дың жаңа маусымындағы бес матчтан кейін «Барыстың» еншісінде алты ұпай бар.