«Ақтөбе» соңғы минутта «Ұлытаудан» ұпай жұлып алды
«Ақтөбе» Қазақстан Премьер-лигасының 27-туры аясында өз алаңында «Ұлытаумен» 2:2 есебімен тең түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матчта есепті 17-минутта Артур Шушеначев ашты. Алайда қонақтар үзіліске дейін жағдайды толық өзгертті. «Ұлытау» сапындағы Зульфикаров 23 және 43-минуттарда екі рет мергендік танытып, командасын алға шығарды.
Екінші таймда «Ақтөбе» ұзақ уақыт бойы жауап қайтара алмады. Дегенмен алаң иелері соңғы сәтте жеңілістен құтылды. 90+5-минутта Темірлан Ерланов гол соғып, қорытынды есепті белгіледі - 2:2.
ҚПЛ. 27-тур
«Ақтөбе» - «Ұлытау» - 2:2
Голдар: Шушеначев, 17 - 1:0; Зульфикаров, 23 - 1:1; Зульфикаров, 43 - 1:2; Ерланов, 90+5 - 2:2.
Осы кездесуге дейін ақтөбеліктер чемпионатта қатарынан екі матчта жеңіске жеткен еді. Алдымен өз алаңында «Жеңісті» 1:0 есебімен ұтса, кейін Ақтауда «Каспийден» 2:1 есебімен басым түсті. Оның алдында команда Павлодарда «Ертіске» 1:2 есебімен жол берген еді.
«Ұлытау» болса соңғы екі турда ұпай ала алмады. Жезқазғандықтар «Тобылға» 1:3, одан кейін өз алаңында «Алтайға» 0:3 есебімен жеңілді. Команданың соңғы жеңісі 29 тамызда «Жетісуға» қарсы тіркелген - 3:0.
«Ақтөбе» осы тең ойыннан кейін 42 ұпаймен турнир кестесінің бесінші орнында қалды. «Ұлытау» 32 ұпай жинап, тоғызыншы сатыда тұр.