locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жегі өтпейтін болды: титулдық айқас алдында не болды?

Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы үш жылға жуық үзілістен кейін рингке оралуға дайындалып жүрген еді, алайда Хесус Рамос кіші денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартты
Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жегі өтпейтін болды: титулдық айқас алдында не болды?
ФОТО: IG Нурсултанов

Мейірім Нұрсұлтановтың көптен күткен рингке оралуы кейінге қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Жеңіліссіз келе жатқан қазақстандық боксшы мен орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос кіші арасындағы жекпе-жек америкалықтың денсаулығына байланысты өтпейтін болды. Алдын ала ақпарат бойынша, Рамос тамақтан уланып қалған.

Жекпе-жек 19 қыркүйекте Сан-Диегода өтуі тиіс еді. Бұл Нұрсұлтанов үшін 2023 жылдың қарашасынан бергі алғашқы айқас болар еді. Боксшылар WBC тұжырымының уақытша чемпиондық белбеуін сарапқа салуы керек болатын. Ал жеңімпаз ұйымның толыққанды чемпионы Карлос Адамеспен кездесуге мүмкіндік алатын еді.

Жекпе-жектің соңғы сәтте өтпей қалуы Нұрсұлтанов үшін тіпті өкінішті болды. Себебі бір күн бұрын боксшылар титулдық айқас алдындағы ресми көз арбасуын өткізіп үлгерген. Қазақстандық боксшы дайындық кезеңін толық аяқтап, үш жылға жуық үзілістен кейін рингке оралуға бір қадам қалған еді.

Нұрсұлтанов кәсіпқой бокста жеңілген емес

Мейірім бұл жекпе-жекке мінсіз көрсеткішпен келді - кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 11-ін нокаутпен аяқтады.

Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылдың 17 қарашасында Ташкентте жұдырықтасқан. Сол кездесуде ол чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Бұған дейін Нұрсұлтанов орта салмақта WBO International белбеуінің иегері атанған. 2023 жылдың сәуірінде ол жапониялық Казуто Такесаконы сегізінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, кейін Аламосқа қарсы кездесуде жеңіліссіз сериясын жалғастырды.

Рамостың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші - 24 жеңіс, 19 нокаут және бір жеңіліс. Америкалық орта салмақта WBC тұжырымының уақытша чемпиондық белбеуіне ие.

Осылайша, Нұрсұлтановтың үш жылға жуық уақыттан кейінгі рингке оралуы жекпе-жекке бір күн қалғанда кейінге шегерілді. Әзірге кездесудің жаңа мерзімі ресми түрде жарияланған жоқ.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie