Бэйли «Барыстың» СКА-ны жеңуі және ҚХЛ плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі туралы айтты
Астаналық «Барыстың» шабуылшысы Джастин Бэйли ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясында Санкт-Петербургтің СКА командасын сырт алаңда 7:4 есебімен жеңген кездесу туралы пікір білдіріп, қазақстандық клубтың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Санкт-Петербургтегі кездесу елордалық ұжым үшін ерекше маңызға ие болды. «Барыс» соңғы бес жылда алғаш рет армиялықтарды өз айдынында жеңіп, қарсылас қақпасына жеті шайба соқты. Бэйлидің өзі нәтижелі пасымен көзге түсті.
Америкалық шабуылшы астаналықтардың қарсылас қысымына қалай төтеп бергенін айтып, биылғы маусымда алғаш рет қазақстандық клубтың қақпасын қорғаған Владислав Нуректің ойынына баға берді. Сондай-ақ Шығыс конференциясындағы жоғары бәсекелестік туралы пікірін жеткізді.
«Статистика шынымен таңғаларлық. Матч алдында бізге оңай болмайтынын білдік. СКА – жанкүйерлерінің қолдауы ерекше, мықты команда. Ең бастысы, бүгін сол қысымға төтеп бере алдық. Мұндай маңызды кездесуде мүмкіндік алу Влад үшін үлкен толқу тудырған шығар деп ойлаймын. Бүгін ол тамаша ойнады, ол үшін қуаныштымын. Ертең турнир кестесінің тоғызыншы сатысында оянуың мүмкін, алайда сырт алаңдағы бірнеше кездесуді сәтті өткізіп, үшінші немесе екінші орынға көтерілуге болады. Біз үшін ең маңыздысы – әр ойынға жеке дайындалып, үзіліске дейін ұпай жинауды жалғастыру», – деді Бэйли.

Шабуылшының айтуынша, үшінші кезеңде команда бастапқы ойын жоспарынан ауытқымай, тәртіпті сақтап, шайбаны бақылауда ұстауға басымдық берген. Сонымен қатар америкалық хоккейші үшін қазір жеке нәтижеден гөрі команданың плей-офф кезеңіне шығуы маңызды.
СКА-ны жеңген Михаил Кравецтің шәкірттері Шығыс конференциясының плей-офф аймағына қайта оралды. «Барыс» келесі кездесуін 29 қарашада Нижнекамск қаласында жергілікті «Нефтехимикке» қарсы өткізеді.