Нокдаун, үш жеңіліс және алғашқы жүлделер: Қазақстан Ташкенттегі бокс Әлем кубогын қалай бастады
Ташкентте өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңіндегі алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті де, сәтсіз де сәттерге толы болды. Ұлттық құраманың бес өкілінің екеуі ғана жартылай финалға жолдама алса, үшеуі жарыстың алғашқы күнінде жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан құрамасы үшін күннің ең жарқын жекпе-жектерінің бірі Карина Ибрагимованың Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Қытай Тайбэйінің өкілі У Ши Иге қарсы кездесуі болды. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде отандасымыз үш раундта да басымдық танытты. Соңғы үш минуттықта Ибрагимова қарсыласын нокдаунға түсіріп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Өнер Сейілхан да (80 келіге дейін) жарысты сенімді бастады. Ширек финалда қазақстандық боксшы Қырғызстан өкілі Алмаз Орозбековтен айласын асырды. Бес төреші де Сейілханның басымдығын мойындап, ол Қазақстан құрамасына жартылай финалдың екінші жолдамасын алып берді.
Алайда алғашқы жарыс күні барлық отандасымыз үшін сәтті болған жоқ. 50 келіге дейінгі салмақта Даниял Сәбит Өзбекстанның Азия чемпионы Шодиержон Меликузиевпен жұдырықтасты. Шаршы алаң иесіне қарсы өткен кездесуде қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
Шұғыла Нәлібайдың (75 келіге дейін) ширек финалдағы жекпе-жегі бұдан да ауыр өтті. Отандасымыз Ресейдің қазіргі әлем чемпионы Елена Гапышинаға қарсылас атанды. Ресейлік боксшының айқын басымдығына байланысты кездесу екінші раундта мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Әлем кубогының Бразилиядағы кезеңінің жеңімпазы Валерия Аксенова да (80 келіге дейін) жүлдесіз қалды. Үндістандық Найнаға қарсы жекпе-жекте қазақстандық спортшы төрешілердің екіге жарылған шешімімен 2:3 есебімен есе жіберді.
Осылайша, алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы екі жеңіске жетіп, үш рет жеңіліс тапты. Карина Ибрагимова мен Өнер Сейілхан кемінде қола жүлдені қамтамасыз етіп, финалға шығу үшін күресін жалғастырады.
Бокстан Әлем кубогының финалдық кезеңі Өзбекстан астанасында 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді.