Алматы облысы эстафетаны қабылдады: күрестен Қазақстан чемпионатында 15 мың доллар көлемінде жүлде тағайындалды
Алматы облысының күрес федерациясы Қазақстан күрес федерациясының бірінші вице-президенті Дархан Сәрсеновтің бастамасын қолдап, Оралда өтетін ел чемпионатының қатысушыларына қосымша жүлде тағайындады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Облыстық федерацияның төрағасы Жандос Анарбаев еркін, грек-рим және әйелдер күресінен жалпыкомандалық медаль есебінде бірінші орын алған командаларға бес мың доллардан берілетінін мәлімдеді. Осылайша, аталған бастама аясындағы жалпы жүлде қоры 15 мың долларды құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін Дархан Сәрсенов Қазақстан чемпионатында үздік әдіс көрсеткен балуандарға арнайы сыйақы берілетінін хабарлаған болатын. Бұл бастама спортшыларды ынталандырумен қатар, алдағы жарыстың тартысты әрі көрермен үшін қызықты өтуіне бағытталған.
Ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты 1-7 желтоқсан аралығында Орал қаласында өтеді. Маусымның маңызды додаларының бірінде еліміздің үздік балуандары жүлдеге таласып қана қоймай, ұлттық құрама сапынан орын алу үшін де бақ сынайды.
2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары қарсаңында мұндай бастамалар спортшылар арасында ғана емес, өңірлік командалар арасындағы бәсекелестікті де арттыруға ықпал етеді.