Сәтпаевтың «Бернлиі» Чемпионшиптегі жеңіссіз сериясын тоқтатты
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев өнер көрсететін ағылшындық «Бернли» Чемпионшиптің 18-турында сырт алаңда «Миллуоллды» жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Лондонда өткен кездесудің тағдырын екінші таймда соғылған жалғыз гол шешті. Матчтың 51-минутында Джейдон Банел қарсылас қақпасын дәл көздеп, командасына көптен күткен үш ұпайды сыйлады.
Чемпионшип. 18-тур
«Миллуолл» – «Бернли» – 0:1 (0:0)
Гол: Банел, 51 (0:1).
Бұл «Бернлидің» жаңа бас бапкер Фабио Челестинидің жетекшілігімен қол жеткізген алғашқы жеңісі болды. Дегенмен команда әлі де төменгі дивизионға түсіп қалу қаупі бар аймақта тұр. 18 кездесуден кейін 14 ұпай жинаған «Бернли» турнир кестесінде 22-орында орналасса, «Миллуолл» 18 ұпаймен 19-сатыда келеді.
Лондондық клубпен кездесуге дейін «Бернли» қатарынан сегіз матчта жеңіске жете алмай, төрт рет тең ойнап, төрт рет жеңіліске ұшыраған еді.
Дастан Сәтпаев бұл жолы да команданың матчқа арналған өтініміне енген жоқ. 18 жастағы қазақстандық шабуылшы санның артқы бұлшықетінен алған жарақатынан айығып, трансферлік құқығына иелік ететін «Челси» клубында оңалту курсынан өтіп жатыр. Футболшының алаңға оралатын нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Сәтпаев соңғы рет 24 қазанда «Линкольн Ситиге» (1:4) қарсы кездесуде алаңға шыққан. Сондай-ақ жарақатына байланысты Қазақстан құрамасының УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы Молдова және Словакияға қарсы қараша айындағы матчтарына қатыса алмады.
Биылғы маусымда қазақстандық шабуылшы «Бернли» сапында жеті кездесу өткізіп, әзірге гол соғып, нәтижелі пас берген жоқ.