«Барыс» – «Автомобилист»: ҚХЛ матчының тікелей трансляциясын қайдан көруге болады
Сәрсенбі, 14 қазанда астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында екатеринбургтік «Автомобилистпен» өз алаңында кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-да басталады. Матчтың тікелей трансляциясын «Qazsport» телеарнасынан көруге болады.
Ойын алдында «Барыс» 14 матчтан кейін 16 ұпай жинады. Ал «Автомобилист» 13 кездесуден соң 14 ұпайға ие.
Алдыңғы матчта астаналық команда өз айдынында новосібірлік «Сибирьге» 2:3 есебімен есе жіберді. Ал «Автомобилист» өз алаңында омбылық «Авангардты» 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Алдағы кездесу командалардың осы маусымдағы алғашқы өзара ойыны болады. Соңғы рет қарсыластар қаңтар айында кездескен. Сол жолы екатеринбургтік клуб овертаймда 2:1 есебімен жеңіске жетті.