Байсуфинов Қазақстан кубогының финалы және «Қайсардағы» болашағы туралы пікір білдірді
Қызылордалық «Қайсардың» бас бапкері Талғат Байсуфинов «Ордабасыға» қарсы Қазақстан кубогының финалынан не күтетінін айтып, клубтағы жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маман командасының чемпионаттағы ойындарын аяқтағанын және енді бар назарын ұлттық кубоктың шешуші кездесуіне аударғанын атап өтті.
Байсуфинов «Ордабасыны» чемпиондық атағымен құттықтап, соған қарамастан финалда шәкірттерінің жеңіс үшін күресетінін жеткізді.
«Біз чемпионатты аяқтадық. Енді Жаратқан қаласа, ертеңгі матчпен кубок маусымын да тәмамдаймыз. Қарсыласымыз – мықты әрі сапалы команда. «Ордабасы» футбол клубын чемпиондық атағымен құттықтаймын. Еурокубоктерде оларға жанкүйер боламыз. Бірақ ертең – кубок үшін талас. Бүгін дайындық өткізіп, алаңға шығатын жігіттерге барлық қажетті тапсырманы жеткіздік. Футболшыларымыз жақсы ойын көрсетіп, өз алаңындағы жанкүйерлерін қуантады деп үміттенемін. Біз дайынбыз. Ертең біздің маусымымыз аяқталады», – деді Байсуфинов.
Сондай-ақ бас бапкер «Қайсарды» қандай жағдайда тізгіндегенін түсіндірді. Оның айтуынша, қызылордалық клуб басшылығымен алғашқы келісімшарт небәрі үш матчқа есептелген. Ал маман әзірге өзінің болашағын талқылауға асықпайтынын, өйткені команданың бар ойы алдағы финалда екенін жеткізді.
«Сіздер жағдай осылай өрбіген кезде менің не айтқанымды естіген боларсыздар. Басқа клубтарды ренжіткім келмейтінін айттым. Олардың бас бапкерлері – менің достарым, ал жас жаттықтырушылар кезінде менің ойыншыларым болған. Қызылордалық команда алғашқы турдан бастап жақсы ойын көрсетті. Мұны түсініп, команданың осындай жағдайға тап болғанын көрген соң, үш матчта қандай көмек бере алатынымды, қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайын екенімді айттым. Тек үш ойынға келісім жасадық. Басқа нәрсе туралы ойлаған жоқпыз. Клуб басшылығы да осы матчты күтіп отыр. Одан кейін қандай әңгіме болатыны – бөлек мәселе. Қазір бар ойымыз ертеңгі ойынға бағытталған. Біздің барлық назарымыз финалда», – деді маман.
Еске салайық, Қазақстан кубогының «Қайсар» мен «Ордабасы» арасындағы финалы 7 қарашада өтеді. Шымкенттік клуб ел чемпионатындағы жеңісінен кейін маусымды «алтын дубльмен» аяқтауға мүмкіндік алады. Ал қызылордалықтар қиын өткен маусымды ұлттық кубокты жеңіп алумен қорытындылауға тырысады.