Жеңіске деген жігері мұқалмаған «Интер» мен салқынқанды ПСЖ: Чемпиондар лигасының жартылай финалдары қалай өтті және финалдан не күтеміз
Чемпиондар лигасының биылғы жартылай финалдары нағыз футбол драмасына айналды. Біреуі - тарихи, екіншісі - тактикалық тұрғыда мінсіз. «Интер» мен «Барселона» арасындағы екі матч - эмоцияға, шиеленіске және голдарға бай спектакль болды. Ал ПСЖ мен «Арсенал» кездесуінде қарқын сәл төмен көрінгенімен, мазмұны терең әрі салмақты ойын өрбіді. Екі жартылай финалдың қорытындысы бойынша Еуропаның ең беделді клубтық додасының шешуші кезеңіне миландықтар мен париждіктер жолдама алды. Енді осы ойындарға жеке-жеке тоқталайық.
«Интер» – «Барселона»
Бұл текетірес - Чемпиондар лигасының үздік шабуылшысы мен ең мығым қорғанысының дуэлі болды. «Барселона» - тек Еуропа емес, әлем футболындағы ең нәтижелі командалардың бірі. Ал «Интер» маусым бойы болаттай бекем қорғанысымен көзге түсті. Финалға дейін небәрі 5 гол жіберіп алған италиялықтар күткендей бес қорғаушымен ойнады. Бірақ бұл тек артқа шегініп, қорғанысқа иек артқан ойын емес еді. «Интер» шабуылда да белсенділік танытып, ең бастысы - әр мүмкіндігін ұтымды пайдаланды.
Ойын статистикасында каталондықтар үстемдік етті: допқа иелік ету, пас саны, соққылар - бәрінде олар алда болды. Бірақ футболдағы басты өлшем - гол. Бұл тұста басымдық миландықтардың еншісіне жазылды. Екі матчта да «Барселона» есепте артта қалып, қуып жетуге тырысты. Бірінші кездесуде - 72% допқа иелік етіп, 19 соққы жасады. Қарымта ойында - 22 соққы. Алайда нәтиже өзгермеді: алғашқы матч 3:3 есебімен аяқталып, қарымтада «Интер» 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Миландықтар барлық голдық сәтті мүлтіксіз пайдаланып, жартылай финалда тиімділік бойынша рекорд орнатты. Бұл жетістік, әрине, жекелеген ойыншылардың ерлігімен де тікелей байланысты.
Бұл тарихи жартылай финалдың басты қаһармандарының бірі - Дензел Думфрис. Ол Чемпиондар лигасының жартылай финалында екі гол соғып, екі нәтижелі пас берген төртінші ойыншы ретінде тарихқа енді.
Тағы бір қаһарман - Лаутаро Мартинес. Ол қарымьа ойында өзінің тоғызыншы голын соғып, Эрнан Креспоның клубтық рекордына теңесті.
Хакан Чалханоглу да тарихқа өз атын жазды. Ол пенальтиден гол соғып, ЧЛ тарихындағы ең үздік пенальти орындаушылардың бірі атанды. Бұл жағынан ол Тимо Вернермен қатар тұр - екеуі де негізгі уақытта орындаған барлық пенальтиді голға айналдырған(пенальти сериясын есептемегенде).

Сондай-ақ, Франческо Ачерби мен Давиде Фраттези де ерекше аталып өтуі тиіс. Ачерби еурокубоктағы алғашқы голын қосымша уақытта соғып, есепті теңестірді. Ал Фраттези овертаймда жеңіс голын соғып, командасын финалға шығарды.
Қос матчтың нәтижесінде «Интер» мен «Барселона» жалпы 13 гол соқты - бұл Чемпиондар лигасының тарихындағы ең нәтижелі жартылай финалдардың бірі. Мұндай көрсеткіш тек 2017/18 жылғы «Ливерпуль» – «Рома» жекпе-жегінде тіркелген болатын. Қызығы, бұл рекордтардың барлығында бір жағында италиялық клуб жүреді. Демек, классикалық катеначчо дәуірі артта қалған. Қазіргі Италия - тек қорғаныспен шектелмейтін, нағыз шабуылдаушы лига.
ПСЖ – «Арсенал»
Бұл жұптан көрермендер көркем футбол мен мол гол күткен еді. Себебі екі жақ та шабуылға құрылған, жарқын ойынымен танылған ұжымдар. Бәрі дәл солай өрбіді. Бірақ есепке қарап, париждіктер үшін бәрі жеңіл болғандай көрінуі мүмкін. Алайда шындық - әлдеқайда күрделі.
Алғашқы матч Лондонда өтті. Онда ПСЖ 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды Хвича Кварацхелия мен Усман Дембеле ұйымдастырды. Қарымта ойында да париждіктер басымдығын дәлелдеді - бұл жолы 2:1 есебімен ұтты.
Бірінші кездесуде екі команда да тең дәрежеде ойнады: допқа иелік ету - 53% пен 47%, соққылар саны - 11:10, ал тура соққылар бойынша «Арсенал» алда тұрды - 5:4. Екінші ойында ПСЖ бастаманы қарсыласына беріп, қорғанысқа бейімделген ойын көрсетті. «Арсенал» допты көбірек бақылап (55%), көбірек пас беріп (355) және көбірек шабуылдады (19 соққы). Олар Лондонда кеткен есені қайтаруға бар күшін салды.
Алғашқы он минутта қонақтар 5 соққы жасап, париждіктерді састырды. Бірақ Доннарумма қақпада тас қамалдай болып, команданы тыныштандырды. Қақпашының сенімді ойыны серіктестеріне сенім беріп, оларды алға жетеледі. Осылайша, алғашқы таймда есеп ашылып, екінші таймда тағы бір гол соғылды. Букайо Сака бір голмен жауап қатты, бірақ бұл нәтиже матч тағдырын өзгерте алмады.
Сака өзінің 18-ойынында Чемпиондар лигасындағы оныншы голын соқты. Ағылшын ойыншылары арасында мұндай межені тек Харри Кейн 12 матчта еңсерген. Бірақ бұл рекорд та «Арсеналға» финал жолдамасын әпермеді.
Микель Артета барлық мүмкін тактиканы сынап көрді: орталықтан шабуылдау, қанаттан пас көтеру - бәрін қолданып көрді. Бірақ Луис Энрикенің бай тәжірибесі мен ойынға деген бақылауы жеңіске алып келді. ПСЖ өзіне тән стилден бас тартып, екінші нөмірмен ойнап, соның өзінде басым түсті. Бұл – нағыз деңгейдің, тактикалық шеберліктің көрсеткіші.

xG моделі бойынша, «Арсенал» кемінде үш гол соғуы тиіс еді. Бірақ бүгінгі нәтиже есеп тақтасында ғана маңызды. Артета екі матчта да жақсырақ едік деуі мүмкін, бірақ финалға шыққан - ПСЖ. Париждік клуб қазір квадрупл үшін күресіп жатыр.
Олар Франция чемпионатын жеңіп алды, Суперкубокты да иеленді. Енді алдарында екі мақсат - ел кубогы мен Чемпиондар лигасы. Бұл - қол жеткізуге болатын тарихи жетістік.
Құрамда - 8 гол соққан Дембеле, қақпада - «қабырға» атанған Доннарумма. Екеуі де «Алтын доптың» басты үміткерлері.
Алайда шешуші сында олардың алдында оңайлықпен берілмейтін қарсылас тұр. «Интер» тұрақсыз Серия А нәтижелеріне қарамастан, Чемпиондар лигасында өз деңгейін дәлелдеді. Олар «Бавария» мен «Барселонаны» жарыс жолынан шығарса, ПСЖ - «Ливерпуль» мен «Арсеналды» артта қалдырды.
Финал - тарихи болмақ. ПСЖ мен «Интер» алғаш рет ресми матчта кездеседі және бірден финалда. Париждіктер жеңіске 53,6% ықтималдықпен фаворит саналады. Бірақ «Интер» бұл жерде статистиканың құрбаны бола салатын команда емес. Олар соңғы үш жылда екінші рет финалға жолдама алып отыр.
Луис Энрике бұған дейін Чемпиондар лигасын ұтқан, ал Симоне Индзаги үшін бұл алғашқы мүмкіндік.