locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Виктор Мозес Дастан Сәтпаевтың Англияға ауысқаннан кейінгі әлеуетіне баға берді

«Челсидің» бұрынғы футболшысы 18 жастағы қазақстандық ойыншының мүмкіндігін жоғары бағалады
Виктор Мозес Дастан Сәтпаевтың Англияға ауысқаннан кейінгі әлеуетіне баға берді
ФОТО: Getty images

«Челси», «Ливерпуль» және «Интер» клубтарында өнер көрсеткен Виктор Мозес қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев туралы пікір білдірді. Бұл жайында нигериялық футболшымен «Қайсар» сапында бірге ойнайтын словакиялық қақпашы Адам Ковач айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ковачтың сөзінше, ол Сәтпаевқа қарсы алаңға шығып көрген және жас футболшының мүмкіндігін жақсы біледі. Қазір Дастанның есімі Қазақстанда жиі аталып жүр, ал оның талантын Еуропаның жетекші чемпионаттарында көп жыл ойнаған тәжірибелі футболшылар да атап өтуде.

«Дастанға қарсы ойнаған кезім болды. Шынымен мықты футболшы. Мозес те оның өте талантты екенін айтады. Бірақ Еуропада толық бейімделуі үшін оған уақыт керек», - деді Ковач ŠPORT.sk басылымына берген сұқбатында.

Мозестің бұл пікірі оның өз тәжірибесін ескерсек, ерекше мәнге ие. Нигериялық футболшы Англияда ұзақ жыл ойнап, «Челси», «Ливерпуль» және «Вест Хэм» сапында өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Италия мен Түркияда да доп тепті. Қазір 35 жастағы Мозес Қызылорданың «Қайсары» сапында ойнайды. КПЛ-дің осы маусымында ол 13 матч өткізіп, бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.

Сәтпаев осы жазда еуропалық мансабындағы алғашқы үлкен қадамды жасады. Тамыз айында «Челси» «Қайрат» түлегінің трансферін ресми түрде рәсімдеп, онымен 2033 жылға дейін келісімшарт жасасты. Артынша лондондық клуб қазақстандық футболшыны Англияда тұрақты ойын тәжірибесін жинауы үшін 2026/27 маусымына «Бернлиге» жалға жіберді.

Англияға аттанғанға дейін Дастан «Қайраттың» негізгі құрамында 58 матч өткізіп, 26 гол соққан. Сондай-ақ ол 16 жасында Қазақстан құрамасының тарихындағы ең жас дебютант атанып, ұлттық команда сапындағы алғашқы голын 17 жасында соқты.

«Бернлидегі» алғашқы апталардың өзі бапкерлер штабының жас қазақстандыққа сенім артатынын көрсетті. Сәтпаев Чемпионшипте үш матч өткізіп, оның екеуінде негізгі құрамда шықты және жалпы 204 минут ойнады. Әзірге гол немесе нәтижелі пас тіркемесе де, төрт қауіпті сәт ұйымдастырып, бес рет соққы жасады.

Дастан әсіресе 3 қыркүйекке қараған түні өткен «Мидлсброға» қарсы кездесуде көзге түсті. Ол алаңда 80 минут өткізіп, матч қорытындысы бойынша кездесудің үздік ойыншысы атанды. Дәл осы ойын оның санның артқы бұлшықетін жарақаттар алдындағы соңғы матчы болды.

Жарақатына байланысты Сәтпаев бір айдан астам уақыт алаңға шыға алмады. Қалпына келу кезеңінің бір бөлігін ол «Челсидің» медициналық штабының бақылауында өткізді. Кейін қайтадан «Бернлидің» қарамағына оралды. Бас бапкер Ники Хайен бұған дейін қазақстандық футболшыны халықаралық үзілістен кейін қайта сапқа қосуды жоспарлап отырғанын айтқан.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie