Дастан Сәтпаев жарақат алғанға дейін «Бернли» сапында өзін қалай көрсетті
Дастан Сәтпаев жарақатынан кейін «Бернлидің» жаттығуларына қайта оралып, алаңға шығуға біртіндеп дайындалып жатыр. Үзіліске дейін 18 жастағы қазақстандық футболшы Англиядағы алғашқы ресми матчтарын өткізіп, тұрақты ойын уақытына ие бола бастаған еді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жарақат алғанға дейін Сәтпаев «Бернли» сапында төрт ресми кездесу өткізді. Оның үшеуі Чемпионшипте, біреуі Англия лигасының кубогында болды. Чемпионатта ол 204 минут ойнап, екі рет негізгі құрамда алаңға шықты. Әзірге гол немесе нәтижелі паспен көзге түскен жоқ. FotMob нұсқасы бойынша оның орташа бағасы 6,89 болса, Flashscore Чемпионшиптегі ойынын орта есеппен 6,7 балға бағалаған.
Сәтпаевтың «Бернли» сапындағы дебюті 23 тамызда «Вест Бромвичке» қарсы сырт алаңдағы матчта өтті. Қазақстандық футболшы қосалқы құрамнан шығып, 33 минут ойнады. Flashscore оған 6,1, ал FotMob 6,3 балл берді. Үш күннен кейін Дастан Лига кубогында «Брэдфордқа» қарсы матчта алғаш рет негізгі құрамда шықты. Ол 80 минут ойнап, бұл жолы айтарлықтай жоғары баға алды: Flashscore - 7,1, FotMob - 7,3.
Жарақатқа дейінгі ең сәтті ойыны «Норвичке» қарсы Чемпионшип матчы болды. «Бернли» 1:4 есебімен жеңілгеніне қарамастан, Сәтпаев толық 90 минут ойнап, Flashscore-дан 7,6 балл алды. Бұл - оның Англиядағы ең жоғары бағасы. FotMob бұл матчтағы ойынын 7,4 балға бағалады.
Үзіліс алдындағы соңғы кездесуін Дастан 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы өткізді. Шабуылшы тағы да негізгі құрамда шығып, 81-минутта алмастырылды. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Сәтпаев Flashscore-дан 6,4, FotMob-тан 7,0 балл алды.
Сонымен қатар «0+0» көрсеткіші оның Чемпионшиптегі алғашқы ойындарын толық сипаттай алмайды. FotMob дерегінше, 204 минут ішінде Сәтпаев бес рет соққы жасап, оның үшеуін қақпаға дәл бағыттаған. Күтілетін гол көрсеткіші - 0,35 xG, күтілетін нәтижелі пас - 0,75 xA.
Қазақстандық шабуылшы төрт қауіпті сәт ұйымдастырып, оның екеуі айқын голдық мүмкіндікке айналған. Сондай-ақ 56 дәл пас беріп, пас дәлдігі 83,6 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, Дастан он дриблинг әрекетінің бесеуін сәтті орындап, 11 жекпе-жекте жеңіске жетті және қарсылас айып алаңында допқа 11 рет жанасты.
Осылайша, Сәтпаев жарақатына дейін «Бернли» сапындағы алғашқы голын соғып үлгермесе де, біртіндеп негізгі құрамға еніп келе жатқан еді. Чемпионшиптегі соңғы үш матчтың екеуінде ол ойынды алғашқы минуттан бастады. Әсіресе «Норвичке» қарсы кездесуде 18 жастағы қазақстандық футболшы командасындағы ең жоғары жеке бағалардың бірін алды.
«Мидлсброға» қарсы матчтан кейін Сәтпаев санның артқы бұлшықетінен жарақат алып, біраз уақыт алаңнан тыс қалды. Flashscore мәліметінше, ол осы жарақатына байланысты «Бернлидің» кейінгі бірнеше кездесуін өткізіп алды. Ал FotMob футболшының қазан айының ортасында алаңға қайта оралуы мүмкін екенін көрсеткен.