locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Сәтпаев жарақаттан кейін қашан алаңға оралады

Ағылшын клубының келесі матчы 10 қазанда өтеді, алайда қазақстандық футболшының бұл кездесуге қатысатыны әзірге ресми расталған жоқ
Сәтпаев жарақаттан кейін қашан алаңға оралады
ФОТО: Getty images
Чемпионшип Англия
10.10.2026, 10.00
Уотфорд
-
Бернли
-

Дастан Сәтпаев бір айдан астам уақыт алаңнан тыс қалдырған жарақатынан кейін ойынға қайта оралуға жақындады. 8 қазанда 18 жастағы футболшы «Бернлидің» жаттығуынан суреттер жариялап, командамен бірге қайта жұмыс істеп жатқанын көрсетті, деп хабарлайды Sports24.kz.

«Бернли» Чемпионшиптегі келесі кездесуін 10 қазанда өткізеді. Ники Хайен шәкірттері сырт алаңда «Уотфордпен» «Викаридж Роуд» стадионында кездеседі. Матч Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады. Дәл осы ойын Сәтпаев үшін жарақаттан кейінгі алғашқы кездесу болуы мүмкін. Дегенмен клуб оның алаңға шығатынын әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Егер бапкерлер штабы қазақстандық футболшының қалпына келу үдерісін асықтырмауды жөн көрсе, келесі мүмкіндік көп күттірмейді. 13 қазанда «Бернли» өз алаңында «Чарльтонды» қабылдаса, 16 қазанда «Вулверхэмптонмен» кездеседі.

Сәтпаев қыркүйектің басында Чемпионшип аясындағы «Мидлсброға» қарсы үй матчынан кейін қатардан шыққан еді. 1:1 есебімен аяқталған кездесуде қазақстандық футболшы негізгі құрамда алаңға шығып, 81 минут ойнады. Кейін оның санның артқы бұлшықетін жарақаттағаны белгілі болды.

Жарақаттан кейін Дастан ойыншының трансферлік құқығы тиесілі «Челсидің» қарамағына барып, оңалту курсынан өтті. Лондондық клуб қалпына келудің медициналық бөлігін өз бақылауына алды. Кейін Сәтпаев маусымды жалғастыру үшін қайтадан «Бернлиге» оралды.

Жарақат Дастанның Қазақстан құрамасына Ұлттар лигасындағы матчтарда көмектесуіне де кедергі келтірді. Үзіліске байланысты ол Фарер аралдары, Словакия және Молдова құрамаларына қарсы кездесулерге арналған ұлттық құраманың түпкілікті тізіміне енген жоқ.

«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен бұған дейін шабуылшыны халықаралық үзілістен кейін қайта қатарға қосуды жоспарлап отырғанын айтқан. Маман жас қазақстандықтың команданың шабуыл шебіндегі рөліне ерекше тоқталып, жарақатқа дейінгі соңғы матчтарда оның маңызды ойыншылардың біріне айнала бастағанын атап өткен еді.

Жарақат алғанға дейін Сәтпаев ағылшын клубы сапында төрт ресми кездесу өткізді: үшеуі Чемпионшипте, біреуі Лига кубогында. Чемпионатта ол 204 минут ойнап, екі рет негізгі құрамда шықты. Әзірге гол немесе нәтижелі паспен көзге түскен жоқ. Дегенмен статистикалық сервистер оның алғашқы ойындарын жоғары бағалады: FotMob-тағы орташа көрсеткіші — 6,89, ал Flashscore-да шамамен 6,7 балл.

Осы уақыт аралығында Дастан бес рет соққы жасап, оның үшеуін қақпаға дәл бағыттады. Төрт қауіпті сәт ұйымдастырып, екі айқын голдық мүмкіндік жасады. Оның көрсеткіші 0,35 xG және 0,75 xA болды, ал пас дәлдігі 83,6 пайызға жетті.

Бұған дейін Sports24.kz Сәтпаевтың жарақат алғанға дейін «Бернли» сапында өзін қалай көрсеткенін егжей-тегжейлі жазып, оның статистикасын, ойын уақытын және Англиядағы алғашқы матчтарында алған бағаларын талдаған болатын.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie