Рыбакинаның қарсыласы WTA қорытынды турнирі алдында мәлімдеме жасады: сөз кім туралы
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның басты қарсыластарының бірі Арина Соболенко WTA-2026 қорытынды турниріне жолдама алғаннан кейін пікір білдірді. Беларусь теннисшісі маусымның басты қорытынды жарысына қатысуын қамтамасыз еткен екінші спортшы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Соболенко WTA Finals турниріне осымен алтыншы жыл қатарынан қатысады. Ол 2022 және 2025 жылдары финалға дейін жеткенімен, әзірге бұл турнирдің чемпиондық атағын жеңіп алған жоқ. Былтырғы шешуші матчта оның жолын дәл Рыбакина тоқтатқан.
Жолдамасы ресми түрде расталғаннан кейін Арина жанкүйерлеріне арнайы үндеу жасап, Индиан-Уэллске қайта оралуды асыға күтіп жүргенін айтты.
«Қорытынды турнирге қайта жолдама алғаныма өте қуаныштымын. Индиан-Уэллске оралып, жанкүйерлерді көріп, сол ерекше атмосфераны қайта сезінгім келеді. Баршаңызды трибунадан көремін деп үміттенемін», - деді Соболенко.
Индиан-Уэллс биыл Беларусь спортшысы үшін ерекше орынға айналды. Көктемде ол мұнда өткен WTA 1000 турнирінде жеңіске жеткен. Финалда Соболенко Рыбакинамен кездесіп, алғашқы сетте жеңілгеніне қарамастан, шешуші партияда матчболды қайтарып, 3:6, 6:3, 7:6 (6) есебімен басым түсті.
Алайда маусымның ең ірі матчтарында басымдық бірнеше рет Қазақстан өкілінің жағында болды. Рыбакина Соболенконы Australian Open финалында жеңіп, кейін US Open додасының шешуші кездесуінде де қарсыласынан мықты болды. Нью-Йорктегі жеңіс Еленаға мансабындағы үшінші «Үлкен дулыға» атағын әкеліп, алғаш рет әлемдік рейтингтің көшін бастауға мүмкіндік берді.
WTA Finals-2026 турниріне жолдаманы алғаш болып дәл Рыбакина иеленді. 27 жастағы қазақстандық үшін бұл Қорытынды турнирдегі қатарынан төртінші маусым болмақ. Индиан-Уэллске ол жарыстың қазіргі чемпионы ретінде барады: 2025 жылы Елена турнирді жеңіліссіз өткізіп, бас жүлдені жеңіп алған еді.
Ал Соболенко жолдаманы екінші болып рәсімдеді. Биыл ол бес турнирдің финалына дейін жетіп, Брисбен, Индиан-Уэллс және Майамиде чемпион атанды. Сонымен қатар Australian Open мен US Open додаларының финалында өнер көрсетті.
Осылайша, қазіргі әйелдер теннисіндегі ең тартысты бәсекелердің бірі Қорытынды турнирде тағы жалғасуы мүмкін. WTA Finals форматы топтық кезеңнен басталатындықтан, Рыбакина мен Соболенко плей-оффқа дейін де, шешуші кезеңдерде де кездесуі ықтимал.
WTA-2026 қорытынды турнирі 8-15 қараша аралығында Indian Wells Tennis Garden кешенінде өтеді. Жекелей сында маусымның үздік сегіз теннисшісі чемпиондық атаққа таласады.