ҚФФ Қазақстан құрамасына қатысты шешімді Ұлттар лигасындағы екі матчтан кейін қабылдайды
Қазақстан футбол федерациясы Ұлттар лигасының қазіргі маусымындағы соңғы екі матч аяқталғаннан кейін ғана ұлттық құраманың алдағы бағытына қатысты нақты шешім қабылдамақ, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұлттық құраманың сәтсіз нәтижелерінен кейін ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн арнайы мәлімдеме жасады. Ол жанкүйерлердің наразылығын түсінетінін айтып, федерация асығыс шешім қабылдаудан гөрі, қалыптасқан жағдайдың себептерін жан-жақты саралауды жөн көріп отырғанын жеткізді.
«Жанкүйерлердің көңіл күйін жақсы түсінеміз. Қазіргі нәтижелерді қанағаттанарлық деп айта алмаймыз. Дегенмен эмоцияға ерік беріп, асығыс шешім қабылдағаннан гөрі, бапкерлер штабының, футболшылардың және ұлттық құрамалар жүйесіндегі барлық бағыттың жұмысын әділ әрі жан-жақты бағалау маңызды. Қазір бар назарымыз алда тұрған екі матчқа аударылуы тиіс. Сол кездесулер аяқталған соң толық талдау жүргізіп, бұдан әрі қандай шешімдер қабылдау керектігін айқындаймыз», - деді ҚФФ бас хатшысы.
Маннның айтуынша, талдау тек негізгі ұлттық құраманың жұмысымен шектелмейді. Федерация жасөспірімдер құрамаларындағы жағдайды да жеке қарастырып, ұлттық командалар жүйесінде еңбек ететін бапкерлердің, футболшылардың және мамандардың жұмысын бағаламақ.
Осы жұмыстың қорытындысы бойынша ҚФФ Қазақстан футболының жақын арадағы нәтижелеріне де, ұзақ мерзімді дамуына да ықпал ететін нақты қадамдарды жариялауды жоспарлап отыр.
Ұлттар лигасының қазіргі маусымы Қазақстан құрамасы үшін әзірге сәтсіз өтіп жатыр. Төрт турдан кейін команда небәрі екі ұпай жинады. Джон Шкиптің жетекшілігіндегі қазақстандықтар Фарер аралдарымен екі рет тең түсті - 1:1 және 2:2. Сондай-ақ Словакия мен Молдова құрамаларына бірдей 1:2 есебімен есе жіберді.